Оқиға 4 қараша күні сағат 19:00 шамасында Семей – Павлодар тас жолында болған.
Полиция капитаны Балғабаев Азамат, полиция капитаны Қожагұлов Жақсылық және полиция аға лейтенанты Сарбасов Жасұланнан құралған экипаж жүргізушінің көлікті басқаруда қиналып келе жатқанын аңғарып, бірден тоқтатуды шешеді.
Жүргізуші жол жиегіне тоқтап, кабинадан шығып, өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтқан. Бірнеше секундтан кейін ол есінен танып қалады. Полицейлер дереу жүрек-өкпе реанимациясын бастап, жүргізушінің жүрек соғысын қалпына келтіре алды. Әр секундтың маңызын түсінген патрульдік қызметкерлер жедел жәрдемді оқиға орнында күтпей, науқасты шұғыл түрде Семей қаласына алып кетеді.
«Қала шекарасына жеткенде олар жедел жәрдем бригадасымен кездесіп, зардап шеккен азаматты медицина қызметкерлеріне табыстады. Дәрігерлер кейін оның инсульт алғанын растады. Патрульдік полицейлердің жеделдігі, кәсіби әрекеті және адам өміріне деген жанашырлығы ауыр жағдайдың қайғылы аяқталуына жол бермей, жүргізушінің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді», делінген полиция департментінің хабарламасында.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбеде полиция қызметкерлері күйеуіне қоштасу хатын жазған әйелді құтқарды.