Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қыс басталғалы бері тәртіп сақшылары өңір аумағында жолдарды тексеріп, анықталған бұзушылықтарды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
- Барлығы 20 000 шақырымнан астам жол тексерілді. Жол жағдайына қатысты әртүрлі кемшіліктер анықталған. Соның нәтижесінде жолға жауаптыларға күтіп-ұстау және қауіпсіздік талаптарын бұзғандықтары жөнінде 132 нұсқама жіберілді, - делінген ақпаратта.
Осылайша, 12 лауазымды және 20 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Тексерулерден соң шамамен 8 780 текше метр қар шығарылды. Бұл шаралар жол қозғалысының қатысушылары үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге және өңірде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Омбы-Майқапшағай тасжолында сұйытылған газ тасымалдап келе жатқан жүк көлігі аударылғаны хабарланған.