Тексеру барысында мекеменің 10 айдан астам уақыт бойы күзетсіз қалғаны белгілі болды. Сондай-ақ 33 бейнебақылау камерасының тоғызы істен шыққан, өрт дабылы мен дабыл түймесі жұмыс істемеген. Бейнежазбалар сақталмаған. Ал мекеме аумағындағы қоршаудың бүлінуі тәрбиеленушілердің қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Бұдан бөлек, балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету және оларды қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз ету кезінде кемшіліктер анықталды.
Қаржылық заңбұзушылықтар да тіркелді. Атап айтқанда, 11,5 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жоспарлау кезінде заң талаптары сақталмаған. Сондай-ақ мекеме басшысына үстемеақы негізсіз төленіп, іссапар шығыстарына қатысты заңбұзушылықтарға жол берілген.
Анықталған фактілер бойынша прокуратура Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 424 және 410-баптарына сәйкес әкімшілік істер қозғады.
Абай облысының білім басқармасына заңбұзушылықтарды жою және кінәлі тұлғаларды жауаптылыққа тарту туралы ұсыну енгізілді.
Еске салайық, мұның алдында Қостанай облысының Қарабалық ауданында прокуратура Қазақстан агротехникалық колледжінен бірқатар заңбұзушылықты анықтағанын жазған едік.