Абай облысындағы ауыл маңында аю жүр — тұрғындарға ескерту жасалды

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Абай облысы Ақсуат ауданындағы Екпін ауылы аумағында аю жүргені туралы видео тарады. Осыған орай Kazinform тілшісі жолдаған сауалхатқа Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ахмет Аққазин жауап берді.

Фото: dzen.ru

— Аю жүрген видеоның Екпін ауылына қарасты егістік алқабында түсірілгені расталды. Бұл алқап Екпін ауылынан оңтүстік батысқа қарай 12 шақырым жерде орналасқан. Сол жерде басқада нысандар орналаспаған, — дейді ол.

Белгілі болғандай, түз тағысын жоңышқа суғарып жүрген сушылар көрген. Оқиға орнына Абай облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Орман және аңшылық шаруашылығының жедел ден қою жасағы» КММ Ақсуат ауданы бойынша аға инспекторы барған. Алайда ол жеткен кезде аю тауға кіріп кеткен.

— Осылайша, аю табиғи мекендеу ортасына қарай бағыт алып кетті. Ауыл тұрғындарына таулы аймақта түнгі уақытта жаяу бейсауат жүрмеу керектігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жағдай тұрақты, — дейді Ахмет Аққазин.

Таулы аймақтан келген аю ауыл маңына жақын жерде бұрын-соңды жүрмеген екен. Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы лагерьлерге, туристерге және жергілікті тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқтығын мәлім етті.

Еске салсақ, осыған дейін Көлсай ұлттық паркінде қоңыр аю байқалғаны хабарланған.