Абай облысындағы Орлов шахтасында жұмысшы қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысының Бородулиха ауданында орналасқан Орлов өндірістік кешенінің шахтасында тау опырылды, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Фото: Анадолы

Ведомство ұсынған алдын ала мәлімет бойынша, үйінді астында екі жұмысшы қалған.

— Олардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Екінші жұмысшы табылып, қажетті медициналық көмек көрсету үшін медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — делінген хабарламада.

Бұған дейін «Jibek Joly» телеарнасындағы «Правда в деталях» бағдарламасы Костенко атындағы шахтадағы жарылыс салдарынан қаза болған 46 адамға қатысты күрделі істің ақ-қарасын анықтап көрді.