Абай облысында қолдан құрастырылған 923 көлік заңдастырылды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында 22 мамырдан бастап осы уақытқа дейін 923 конструктор көлік есепке алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта өңір аумағында шетелдік көліктерді заңдастыру рәсімі жалғасып жатыр.

«Шетелдік көліктерді заңдастыру осы жылдың 23 қаңтарынан бастап жүргізілуде. 1 шілдеге дейін өтінім берген азаматтар автокөлігін заңда бекітілген талаптарға сәйкес заңдастыра алады. Бүгінгі таңда Абай облысында жалпы саны 4000-нан астам көлік заңдастырылған. Тағы 100-ден астамы тіркеуді күтіп отыр», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ 22 мамырдан бастап осы уақытқа дейін 923 конструктор көлік есепке алынған.

Еске салсақ, мамыр айының аяғында Шығыс Қазақстан облысында 29 конструктор көлік заңдастырылғаны хабарланған еді.