Абай облысындағы «Аягөз-Үржар» тасжолынан 60 адам эвакуацияланды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Абай облысындағы «Аягөз-Үржар» тасжолының 40 шақырымында жолда қалған 60 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық nөтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, «112» қызметіне Аягөз ауданындағы «Аягөз-Үржар» тасжолының 40 шақырымында жолда қалған азаматтардан хабар түсті.

Сол жерде 60 адам болған.

«№13 өрт сөндіру бөлімінен 4 адам «Вахта» өтімділігі жоғары техникамен дереу оқиға орнына келіп жетті. Сондай-ақ 10810 әскери бөлімінің әскери қызметшілері де жолға шықты. Жолда қалғандардың барлығы қауіпсіз жерге көшірілді», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ Үржар ауданы ТЖБ қызметкерлері қар құрсауында қалған 10 көлікті «Алматы-Өскемен» тасжолының 92 шақырымына шығарды.

Еске салсақ, кеше Абай облысында жолда қалған 65 адам қауіпсіз жерге көшірілгені хабарланған.