Абай облысының оқушылары ақылды жылыжай жасап шығарды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - 10-11 сыныпта оқитын жас өнертапқыштар жылыжайды автоматтандыруды ұсынды. Оқушылар ұсынған жоба жылыжайда өсірілетін көкөніс пен жеміс-жидекті суару технологиясын жеңілдетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Олар заманауи технолгияны пайдалана отырып, топырақ пен ауа ылғалын, жылыжайдағы ауа температурасын бақылау және топырақты қажетіне қарай суаруды автоматтандырудың жолын тапты.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жоба Arduino цифрлық бағдарламасымен жасалған «ақылды жылыжай» веб-интерфейсі арқылы басқарылады.


Жас өнертапқыштар командасының айтуынша, бұл шаруаларға су мен электр энергиясын үнемдеп қана қоймай, жылдың кез келген мезгілінде ауаның қолайсыздығына қарамастан жақсы өнім алуға мүмкіндік береді.

Оқушылардың мұндай технологиялық тәсілді ойлап табуына өңірдегі жаз мезгілінің қысқалығы мен ауа температурасының салқындығы себеп болған.