Абайдың педагогикалық идеялары қазіргі білім беру жүйесінде қалай іске асырылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі түрлі ауқымды іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл тұрғыда Абай іліміне ерекше екпін қойылып отыр. Абай еңбектеріндегі білімге үндеуі Қазақстанның оқу-ағарту саласында да барынша қамтылған.
Қазақстанда Абай атындағы 120-ға жуық мектеп бар
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне қарағанда, Абай атындағы 119 мектеп бар. Бұл ретте, Ақмола облысында – 5, Ақтөбе облысында– 3, Алматы облысында – 8, Атырау облысында – 5, Шығыс Қазақстанда – 5, Жамбыл облысында – 12, Батыс Қазақстанда – 6, Қарағанды облысында – 9, Қостанай облысында – 9, Қызылорда облысында – 5, Маңғыстау облысында – 2, Павлодар облысында – 10, Солтүстік Қазақстанда – 2, Түркістан облысында – 18, Абай облысында – 6, Жетісу облысында – 7, Ұлытау облысында –2, Алматы қаласында – 1, Астана қаласында – 1 және Шымкент қаласында үш оқу орны қамтылған.
- Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі № 399 бұйрығына сәйкес, Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің жалпы білім беретін пәндері мен таңдау курстары бойынша үлгілік оқу бағдарламаларында Абай Құнанбайұлының шығармалары 2-11- сыныптар аралығында қамтылған.
Біріншіден, бастауыш білім беру деңгейінің 2-4-сыныптарына арналған «Әдебиеттік оқу» оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасында А. Құнанбайұлы жазба әдебиетінің үлгісі ретінде оқытылады. Екіншіден, негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасында «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Ғылым таппай мақтанба» өлеңдері, қара сөздерінен: «Бірінші сөз», «Жетінші сөз», «Отыз бірінші сөз» аясында тәрбие беріледі, - делінген Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінде.
Жалпы орта білім беру деңгейінің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-11-сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасында «Сегіз аяқ», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Болыс болдым, мінеки», «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңдері; Он жетінші қарасөз, Отыз екінші қарасөз, Отыз үшінші қарасөз, «Ескендір» поэмасы оқытылады.
Сонымен қатар, негізгі орта білім беру деңгейінің мамандандырылған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын желілік «Абай мектептерінің» 5-9-сыныптарына арналған «Абайтану» оқу пәнінен үлгілік оқу бағдарламасында Абай Құнанбайұлының өмірбаяны, ақын туралы зерттеулер, қара сөздері, өлеңдері, Абайдың әдеби ортасы, аудармалары, ақын шәкірттерінің өмірбаяны мен шығармалары қамтылған.
Абайдың әдеби және рухани мұрасын насихаттау
Елімізде жыл сайын мектеп оқушылары арасында «Абай оқулары» шығармашылық байқауы ұйымдастырылады. Негізгі мақсаты – қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру. Абай және Шәкәрім шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиетті насихаттау, ұлылар поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу. 2000 жылдан бастап байқаудың республикалық кезеңіне қатысқан оқушылардың жалпы саны 3 300-ге жуыққа жетті, оның 1 321-і ауылдық елді мекеннен. Бүгінгі күнге дейін жеңімпаздар мен жүлдегерлер саны 1 475 оқушыны құрап отыр. Байқау нәтижесінде жеңімпаздар Министрліктің I, II, III дәрежелі дипломдарымен және алтын, күміс, қола медальдарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болады.
Сонымен қатар, іс-шараның жеңімпаздарына жоғары оқу орындарының «Тіл мен әдебиет» кафедраларына ректорлық гранттар тағайындалады. Қазіргі кезде Абай оқуларының жеңімпаздары жоғары оқу орындарын аяқтап, еліміздің түрлі салаларында жемісті еңбек етуде.
Ағымдағы жылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай байқау 8-21 маусым аралығында Семей қаласында жалпы білім беретін ұйымдардың 8-11 сынып оқушылары арасында өткізілді.
Биылғы байқаудың ерекшелігі – оның халықаралық деңгейде өткізілуінде. Бұл бастама тек мерейтой құрметіне байланысты емес, сондай-ақ ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын шетелдегі қазақ жастарына ортақ құндылық ретінде насихаттау мақсатында жүзеге асырылды. Байқауға шетелдік қандас өрендердің қатысуы арқылы Абай шығармашылығы халықаралық деңгейде кеңінен танылып, ұлттық рухани мұраның біріктіруші күш ретіндегі рөлі айқындала түсті. Атап айтқанда, Алтай, Моңғолия, Қытай, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінен келген оқушылар сахнада өз өнерлерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Байқауға қатысушылар мен олардың жетекшілері Бөрлідегі Абай мен Мұхтар Әуезов мұражайына, Сырт Қасқабұлақтағы Абайдың туған жеріне саяхат жасап, сондай-ақ «Еңлік-Кебек» пен Шілікті мекеніндегі театрландырылған көріністерді тамашалады.
Жас буынның тәрбие ісінде Абайдың ілімі қаншалықты қамтылған?
Абай Құнанбайұлының «Толық адам» танымы – қазақ руханияты мен тәрбиесінің терең мәнін айқындайтын ілім.
Бұл ілім адамның рухани кемелденуін, өзін-өзі үнемі жетілдіруін, ақыл, жүрек және қайраттың тұтастығына негізделген үйлесімді тұлға қалыптастыруды көздейді. Абайдың даналыққа толы қара сөздері мен поэзиясы арқылы танылған бұл модель бүгінгі білім мен тәрбие жүйесінде де маңызын жоғалтпай, қайта жаңа мазмұнмен толықтырылуда. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – тұлға тәрбиесін ұлттық негізде ұйымдастыруға бағытталған тұтас тұжырымдамалық жоба. Бағдарламаның құндылықтар жүйесі мен тәрбие мазмұны Абайдың «Толық адам» ілімімен өзара сабақтас, мағыналық үндестікке құрылған.
Атап айтқанда, бағдарламада төмендегі құндылықтар басшылыққа алынады:
• Тәуелсіздік және отаншылдық
• Әділдік пен жауапкершілік
• Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік
• Жасампаздық пен жаңашылдық
•Бірлік және ынтымақ
• Заң мен тәртіп
- Бұл құндылықтар – Абай сипаттаған «толық адамның» ішкі болмысының негізі. Олардың әрқайсысы бағдарлама аясында нақты іс-шаралар арқылы жүйелі жүзеге асырылады. Бағдарлама құрылымында Абай мұрасы тәрбие процесінің өзегіне айналған, - деп аталып өткен Оқу-ағарту министрлігі мәліметінде.
Әр аптада ұйымдастырылатын «Апта дәйексөзі» арқылы Абай сөздері мен халық даналығы оқушылар мен ата-аналар назарына ұсынылады. Сондай-ақ, «Өнегелі 15 минут» ата-аналар мен балалар арасындағы күнделікті адами әңгімелерге арналады. Бұл – жүрек тәрбиесіне басымдық беретін Абай ұстанымына сай келеді. Сынып сағаттары мен тәрбиелік жобаларда білім алушылардың рухани-адамгершілік дамуына, ұлттық болмысты сіңіруге және ішкі мәдениетін қалыптастыруға мән беріледі. Бұл ретте Абаймен қатар, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, М. Жұмабаев сынды ағартушылардың педагогикалық идеялары да бағдарлама әдіснамасының негізін құрайды. Жалпы алғанда, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы Абайдың «Толық адам» ілімін тәрбие жүйесінің идеологиялық әрі әдіснамалық өзегіне айналдырып отыр.
Бағдарлама арқылы ұлттық идеялар мен рухани мұралар қазіргі білім алушының болмысын қалыптастыруда нақты құрал ретінде қолданыс табуда.