65 оқушы «Абай оқулары» республикалық байқауының жүлдегері атанды

АСТАНА. KAZINFORM – 8–11 сынып оқушылары арасында өткен XXVI республикалық «Абай оқулары» шығармашылық байқауы аяқталды. Биылғы байқау халықаралық мәртебе алып, ұлы ойшыл әрі ақын Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті. 

65 оқушы «Абай оқулары» республикалық байқауының жүлдегері атанды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Ведомствоның мәліметінше, байқау бес номинация бойынша өткен. Алғашқы кезеңге 1300-ден астам оқушы қатысса, олардың тек 112-сі финалға өтті, оның ішінде 39-ы ауыл мектептерінің оқушылары. Сонымен қатар Алтай өлкесі, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай және Түрікменстан елдерінен 20 халықаралық қатысушы бақ сынады.

Байқау нәтижесі бойынша 65 оқушы жүлдегер атанды:

I дәрежелі диплом мен алтын медаль — 15 оқушыға;

II дәрежелі диплом — 20 оқушыға;

III дәрежелі диплом — 30 оқушыға берілді.

Қосымша 20 оқушыға Құрмет грамотасы табысталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.

Халықаралық қатысушылар арасынан да жеңімпаздар анықталып, арнайы сыйлықтар табысталды:

1. Бүркітбаев Саяқ — Өзбекстан

2. Байдөлетова Айнұр — Түрікменстан

3. Айдос Нұрмағанбет — Моңғолия

4. Үсенбаева Арайлым — Өзбекстан

Сондай-ақ, Маңғыстау облысынан Айберікұлы Алмаз «Абай» журналының арнайы жүлдесін иеленді.

Абай оқуларын ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Абай облысының білім басқармасы ұйымдастырып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Бейжіңде 8-ші рет «Абай оқулары» өткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар