Абелардо де ла Эсприэлья Колумбия президенті қызметіне кірісті

АСТАНА. KAZINFORM — Кәсіпкер әрі саясаткер Абелардо де ла Эсприэлья Колумбияның жаңа президенті ретінде ант қабылдады. Инаугурация рәсімі Caracol телеарнасында тікелей эфирде көрсетілді, деп хабарлайды ТАСС .

Фото: AP

— Ант етемін және Колумбияның Конституциясы мен заңдарын адал сақтауға халық алдында уәде беремін, — деді мемлекет басшысы парламент мүшелерінің қатысуымен өткен рәсімде.

Инаугурация Колумбия астанасында емес, елдің батысындағы Кали қаласында өтті. Рәсімге Аргентина президенті Хавьер Милей, Чили президенті Хосе Антонио Каст және Эквадор президенті Даниэль Нобоа да қатысты.

Де ла Эсприэлья 21 маусымда өткен президент сайлауының екінші турында жеңіске жетті. Ол сайлаушылардың 49,6 пайызының қолдауына ие болып, сол кезде билікте болған солшыл «Тарихи пакт» партиясының өкілі Иван Сепедудан 1 пайыздық тармаққа озып кетті. Сепеду 48,7 пайыз дауыс жинаған.

Сайлауалды науқан кезінде де ла Эсприэлья өзін қалыптасқан саяси жүйеге қатысы жоқ саясаткер ретінде көрсетті және президенттікке «солшыл күштердің елді күйретуіне жол бермеу үшін» бара жатқанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы қызметіндегі негізгі міндеті ретінде қылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы күресті атады. Жаңа президент қарулы топтармен және есірткі картельдерімен кез келген келіссөз жүргізуге қарсы.

Экономикалық өсімді ынталандыру үшін де ла Эсприэлья мемлекеттік шығындарды айтарлықтай қысқартуға, бизнеске түсетін салық жүктемесін азайтуға, қазба отын өндіру көлемін арттырып, оның экспортын ұлғайтуға уәде берді.

Сыртқы саясатта ол АҚШ-пен әскери ынтымақтастықты нығайтуды қолдайды және америкалық әскери күштердің есірткі картельдерінің зертханаларына жасалатын соққыларға қатысу мүмкіндігін қарастыруға ниетті.

Де ла Эсприэлья Густаво Петро үкіметі Газа секторындағы қақтығыс аясында 2024 жылғы мамырда үзген Израильмен қарым-қатынасты қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Куба мен Никарагуадағы Колумбия елшіліктерін жабуды көздейді.

Айта кетейік, маусым айында Колумбияның Ұлттық сайлау кеңесі (CNE) оңшыл кандидат Абелардо де ла Эсприельяны президент сайлауының жеңімпазы деп ресми түрде жариялаған болатын.