Абу-Дабиде Таяу Шығыстағы алғашқы «Диснейленд» пайда болады

Фото: Фото: Unsplash

АСТАНА. KAZINFORM — Disney компаниясы Таяу Шығыста өзінің алғашқы тақырыптық саябағын салып жатыр. Ол БАӘ астанасы Абу-Дабиде ашылады, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

«Диснейленд» жасанды Яс аралында орналасатыны атап өтілді. Жобаның егжей-тегжейлері жарияланбайды. Disney компаниясы тек жобаны әзірлеуге шамамен екі жыл, ал саябақты салуға шамамен алты жыл қажет екенін мәлімдеді.

— Абу-Дабидегі «Диснейленд» шын мәнінде Disney рухында болады, сонымен бірге бірегей Әмірлік мұрасын — әлемнің қиылысындағы таңғажайып Disney ойын-сауық оазисін көрсетеді, — деді The Walt Disney Company бас директоры Роберт Айгер.

Компанияның мәліметінше, БАӘ-де әлемдегі ең ірі авиациялық хаб орналасқан. Планета тұрғындарының үштен біріне Біріккен Араб Әмірліктеріне бару орта есеппен төрт сағатты алады — бұл ел перспективалы туристік бағыт саналады.

Қазіргі уақытта әлемде алты «Диснейленд» бар — олар Калифорния, Флорида, Токио маңындағы Ураясу қаласы, Шанхай, Гонконг және Парижде орналасқан.

Еске сала кетейік, Дубайдағы Mall of Emirates сауда орталығын кеңейтуге 1,36 млрд доллар жұмсалады.