АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Абзал Әжіғалиев шорт-тректен АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтіп жатқан әлем кубогі кезеңінде күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық шорт-трекші 500 метр қашықтықта жүлдегерлер қатарынан көрінді.
А финалында Абзал Әжіғалиев олимпиада чемпионы, канадалық Максим Лауннан кейін мәре сызығын екінші болып қиды. Тағы бір олимпиада чемпионы, кореялық Ли Чжун Со үздік үштікке ілікті.
Бұл – биылғы әлем кубогіндегі Қазақстан құрамасының (бас бапкері – Орал шорт-трегінің түлегі Нұрберген Жұмағазиев) екінші медалі. Осыдан бір апта бұрын Канаданың Монреаль қаласында өткен әлем кубогі кезеңінде Қазақстан ерлер құрамасы 5 мың метрлік эстафеталық жарыста күміс жүлдегер атанған еді.
Солт-Лейк-Ситидегі әлем кубогі кезеңі 6 қараша күні де жалғасады.
Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан А.Әжіғалиев 2016 жылы осы Солт-Лейк-Ситиде 500 метр қашықтықта қазақстандықтар арасынан алғаш рет әлем кубогі кезеңінің чемпионы атанған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын шорт-тректен әлем кубогі кезеңінде Қазақстанның күміс жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).