Шараға «Қоғамдық даму орталығы» мекемесінің қызметкерлерінен бөлек, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғалым-ұстаздары Раушан Жүсіпова мен Ғалымтай Төлепбергенов қатысып, ел тұрғындарына Президенттің Жолдауындағы негізгі бағыттарды түсіндірді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, Президенттің үкіметке тапсырған негізгі бағыттары тәрізді бірқатар түйіткілді мәселелер айтылды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар» деп айтқан еді. Президент адал азаматты сипаттай келе, ондай жанның бойында отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, кәсібилік, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер болуы керек деді. Өздеріңіз білетіндей ек-үш жылдың ішінде елімізде өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы, конституциялық реформалар, ауылдық округтер, аудандар әкімдерін сайлау, депутаттарды сайлау енгізілді. Осының барлығы еліміздің келешегі, азаматтарымыздың әл-ауақты үшін жасалып отырған қадамдар екені сөзсіз. Президент айтқандай, әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайтыны сөзсіз. Ал әділ қоғамда жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне қайшы шешімдер шығарылмайды. Әрине, мұның бәрі бірден болмайды. Бұл мемлекеттік органдардың да, қоғамның да жұмысы. Бүгінгі сіздермен өткізіп отырған кездесуіміздің мәні де сол», - деді өз сөзінде «Қоғамдық даму орталығы» мекемесінің басшысы Айдар Қожабаев.
Сонымен бірге, жиында ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген егістік жерлер, мал жайылымы, ауыз су, балалардың ойын алаңдары, жол, көпір тәрізді көптеген мәселелерді көтеріп, биліктің назары қажет екенін айтты.
Жиын соңында бүгінде қоғамға өз пайдасын тигізіп жүрген ауылдың белсенді азаматтары Алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысының егіншілері күзгі астық жинау науқанына кіріскенін жазған едік.