Адалдық жасқа қарамайды: оқушылар көшеден 300 мың теңге тауып алып, полицияға тапсырған

АСТАНА. KAZINFORM — Адалдық — бала бойына сіңген тәрбиенің ең көркем көрінісі. Мұны Атырау облысы Нұрсая ықшам ауданындағы бір топ оқушы ісімен дәлелдеді.

Фото: видеодан алынған скрин

Нұрсая ықшам ауданында патрульдеу кезінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне бір топ оқушы жақындап, көшеден 300 мың теңгеге жуық ақшасы бар әмиян тауып алғанын айтқан. Балалар табылған қаражатты заңды иесіне қайтару мақсатында полицияға жүгінген.

Полицейлер жедел түрде әмиян иесін анықтап, жоғалған ақшаны иесіне табыстады.

- Адалдық жасқа қарамайды. Осындай кішкентай жүректерден бастау алатын үлкен жақсылық қоғамға ізгілік ұялатады. Ал адалдықты бәрінен биік қойған жас ұрпақтың әрбір өнегелі ісі – ел ертеңіне деген сенімнің жарқын көрінісі! – делінген ІІМ хабарламасында.

Бұған дейін еңбек пен адалдықты дәріптеген нақыл сөздер жинағы жарық көргенін жазған едік.