Адам қайтыс болғаннан кейін оның әлеуметтік желідегі парақшасы мен ақшасы кімге қалады

АСТАНА. KAZINFORM — Адам қайтыс болғаннан кейін интернетте оның фотосуреттері, хат-хабарлары, құжаттары, аккаунттары мен цифрлық жинақтары сақталып қалады. Олар кімге мұраға беріледі? Туыстары бұл мәліметтерге қол жеткізе ала ма? Адам көзі тірісінде цифрлық мүлкін кімге қалдыратынын анықтай ала ма?

Фото: DW

Отбасылық фотосуреттер, жұмыс құжаттары, электронды хаттар, әлеуметтік желідегі парақшалар мен криптовалюта әмияндары күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Адамдар жеке естеліктерін, ұзақ жылғы еңбегінің нәтижелерін және жинаған қаражаты туралы мәліметтерді электронды түрде сақтайды.

Алайда адам қайтыс болғаннан кейін жақындары бұл мәліметтерге қол жеткізе алмауы мүмкін. Тіпті мұрагерлік құқығын растайтын құжат болса да, криптовалюта әмиянын ашу, электронды хаттарды қалпына келтіру немесе марқұмның аккаунтын пайдалану оңай емес.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Kazinform агенттігіне марқұмның қандай цифрлық мүлкі мұраға берілетінін және туыстары оны алу кезінде қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін түсіндірді.

Цифрлық мұраға не жатады

Интернетте сақталған отбасылық фотосуреттер, электронды хаттар мен криптовалюта заң бойынша әртүрлі мүлікке жатады. Сондықтан мұраны рәсімдеген кезде олардың қайсысы марқұмның меншігі болғанын және қандай құқықтар мұрагерлеріне берілетінін анықтау қажет.

— Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 115-бабының 2-тармағына сәйкес, мүлікке заттар, ақша, қаржы құралдары, мүліктік құқықтар, цифрлық активтер және басқа да мүлік түрлері жатады. Ал осы кодекстің 1040-бабына сәйкес, мұраға адамның көзі тірісінде иелік еткен мүлкі, сондай-ақ қайтыс болғаннан кейін де күшін жоймайтын құқықтары мен міндеттері кіреді, — деп түсіндірді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің басқарма басшысы Айнұр Әлмұханова.

«Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заңға сәйкес, цифрлық активтер — электронды түрде сақталатын және арнайы цифрлық коды бар мүлік. Оған криптография мен компьютерлік есептеулер арқылы жасалған активтер де жатады. Мұндай активтер заңды төлем құралы болып есептелмейді. Олар туралы ақпарат арнайы технология арқылы тіркеліп, қорғалады.

Ал жеке фотосуреттер, электронды хаттар мен әлеуметтік желідегі парақшалар интернетте сақталғаны үшін ғана цифрлық актив болып есептелмейді. Авторлық шығармалар мен басқа да материалдарға қатысты құқықтар заңның өзге талаптарына сәйкес реттеледі.

Әлеуметтік желідегі аккаунт мұраға беріле ме

Адам қайтыс болғаннан кейін оның Instagram немесе басқа да әлеуметтік желілердегі парақшалары ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Онда фотосуреттері, жазбалары, пікірлері, тіпті жылдар бойы атқарған жұмысының нәтижелері қалады.

Әсіресе кәсіп жүргізу, жарнама орналастыру немесе жеке жобасын дамыту үшін пайдаланылған аккаунттарға қатысты сұрақ көп. Мысалы, парақша иесі қайтыс болса, туыстары оның кәсібін жалғастырып, аккаунтын басқара ала ма?

— Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында әлеуметтік желілердегі аккаунттарды, электронды поштаны, бұлтты сақтау жүйелерін және басқа да есептік жазбаларды мұраға қалдырудың арнайы тәртібі қарастырылмаған, — деп түсіндірді Айнұр Әлмұханова.

ҚР Цифрлық кодексінің 38-бабында цифрлық мүлік иелерінің құқықтары көрсетілген. Бұл құқықтарды басқа адамға беру тәртібі Азаматтық және Цифрлық кодекстермен, сондай-ақ тиісті қызметтің шарттарымен реттеледі.

Яғни мұрагерлер марқұмның цифрлық мүлкіне қатысты белгілі бір құқықтарды ала алады. Бірақ оның әлеуметтік желідегі парақшасын басқаруға рұқсат беріле ме, жоқ па — бұл сол платформаның ережелеріне де байланысты.

Электронды поштаға қол жеткізу одан да қиын болуы мүмкін. Өйткені онда отбасылық құжаттар, жұмысқа қатысты хаттар мен құпия ақпарат сақталады. Сондықтан марқұмның туыстары мұндай мәліметтерді алу үшін заң талаптары мен электронды пошта қызметінің ережелерін орындауы керек. Оның үстіне барлық хат-хабарды толық алуға кепілдік жоқ.

Цифрлық жинақтар неге қолжетімсіз болып қалуы мүмкін

Криптовалютаны мұраға қалдырудың да өзіндік ерекшеліктері бар. Қаражат адамның жеке электронды әмиянында немесе арнайы ұйымның қарамағында сақталуы мүмкін. Мұрагердің оған қалай қол жеткізетіні осыған байланысты.

— Цифрлық активтерге қол жеткізу олардың қайда және қалай сақталғанына байланысты. Мысалы, криптовалюта әмиянын ашу үшін арнайы құпия кілт, құпиясөз немесе seed-фраза деп аталатын сөздер тізбегі қажет болуы мүмкін. Ал қаражат арнайы ұйымда сақталса, мұрагерлер оған заң талаптары мен сол ұйымның ережелеріне сәйкес қол жеткізе алады, — деді Айнұр Әлмұханова.

Құпия кілт — криптовалюта әмиянындағы қаражатты басқаруға мүмкіндік беретін арнайы код. Ал seed-фраза — әмиянға кіру мүмкіндігін жоғалтқан жағдайда оны қайта қалпына келтіруге көмектесетін құпия сөздер тізбегі. Егер бұл мәліметтер жоғалса, заңды мұрагердің өзі қаражатты ала алмауы мүмкін. Нотариус мұрагерлік құжаттарды рәсімдеп бергенімен, жоғалған құпия кілтті қалпына келтіре алмайды.

Сондықтан мұндай құпия мәліметтерді қауіпсіз жерде сақтау маңызды. Егер олар бөтен адамның қолына түссе, ол криптовалютаны иемденіп кетуі мүмкін. Ал қаражат арнайы ұйымда сақталса, мұрагерлер сол ұйымға хабарласып, белгіленген талаптарды орындауы керек.

Google мен Apple аккаунттарының тағдыры не болады

Ірі технологиялық компаниялар адам қайтыс болғаннан кейін оның жеке деректерін сақтап қалудың арнайы жолдарын қарастырған. Кейбір сервистерде фотосуреттер мен құжаттарға қол жеткізе алатын адамды алдын ала белгілеп қоюға болады.

Мысалы, Google компаниясында «Inactive Account Manager» (Белсенді емес аккаунтты басқару) деген функция бар. Ол арқылы аккаунт иесі өзі қайтыс болған немесе аккаунтын ұзақ уақыт пайдаланбаған жағдайда деректерін кім ала алатынын алдын ала анықтайды. Ол үшін он адамға дейін таңдауға болады. Сондай-ақ аккаунт біршама уақыт қолданылмаса, бұл функция іске қосылатынын және таңдалған адамдарға қандай мәліметтер берілетінін белгілейді.

Егер адам мұндай нұсқау қалдырмаса, туыстары Google компаниясына хабарласып, марқұмның аккаунтын жабуды немесе ондағы кейбір мәліметтерді беруді сұрай алады. Компания әр өтінішті жеке қарайды, бірақ аккаунттың құпиясөзін ешкімге бермейді.

Apple компаниясында да осындай мүмкіндік бар. Ол «Цифрлық мұрагер» деп аталады. Пайдаланушы көзі тірісінде өзі қайтыс болғаннан кейін аккаунтындағы кейбір мәліметтерді ала алатын адамды таңдайды. Мұрагер деректерге қол жеткізу үшін арнайы кілт пен аккаунт иесінің қайтыс болғаны туралы куәлікті ұсынуы керек.

Осылайша, мұрагер фотосуреттерді, хабарламаларды, жазбаларды, файлдарды және құрылғыларда сақталған деректердің сақтық көшірмелерін ала алады. Бірақ барлық ақпарат берілмейді. Мысалы, сатып алынған фильмдер, кітаптар, музыка, ақылы жазылымдар және iCloud жүйесінде сақталған құпиясөздер мұрагерге берілмейді.

Демек, адам көзі тірісінде қажетті баптауларды жасап қойса, жақындары оның фотосуреттері мен маңызды құжаттарын сақтап қала алады. Бірақ қандай ақпарат берілетінін әр компания өз ережесіне сәйкес шешеді. Бұл мүмкіндіктер аккаунтты толығымен басқа адамның атына ауыстыруға арналмаған.

Цифрлық мүлікті өсиетке қалдыруға бола ма

Қазақстан заңнамасына сәйкес, адам көзі тірісінде өз мүлкін кімге қалдыратынын өсиет арқылы анықтай алады. Бұл цифрлық активтерге де қатысты, яғни адам өзіне заңды түрде тиесілі цифрлық мүлкін мұрагерлеріне қалдыра алады.

— ҚР Азаматтық кодексінің 1046-бабына сәйкес, өсиет — адамның қайтыс болғаннан кейін өз мүлкін кімге қалдыратыны туралы шешімі. Сондықтан азамат өзіне тиесілі цифрлық активтерді де заңда белгіленген тәртіппен өсиет арқылы мұраға қалдыра алады, — деп түсіндірді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.

Өсиет жасағанда қандай мүлік қалдырылатынын және оған қатысты қандай құқықтар бар екенін нақты көрсету қажет. Мысалы, адам әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы жарнама жасап немесе тауар сатып, табыс табуы мүмкін. Бірақ ол қайтыс болғаннан кейін туыстары осы парақшаны басқара ала ма, жоқ па — мұны әлеуметтік желінің ережелеріне сүйеніп, жеке анықтау керек.

Сонымен қатар заң бойынша барлық құқық пен міндет мұраға берілмейді. Азаматтық кодекстің 1040-бабына сәйкес, адамның жеке басына тікелей байланысты құқықтар мен міндеттер мұраға кірмейді. Мысалы, өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін өтемақы алу құқығы, алиментке қатысты құқықтар мен міндеттер, зейнетақы мен жәрдемақы алу құқығы және кейбір жеке құқықтар мұрагерлерге берілмейді.

Марқұмның электронды жеке кабинетінде зейнетақы немесе жәрдемақы туралы мәліметтер сақталуы мүмкін. Бірақ бұл ақпараттың болуы туыстары сол төлемдерді ала алады деген сөз емес. Оларды алу құқығы заң талаптарына сәйкес анықталады.

Цифрлық мұраны алдын ала қалай сақтауға болады

Көптеген отбасы үшін фотосуреттер, бейнежазбалар мен жеке құжаттардың орны ерекше. Егер олардың жалғыз көшірмесі интернетте немесе қайтыс болған адамның телефонында, компьютерінде сақталса, кейін бұл деректерді қайтарып алу қиын болуы мүмкін.

Сондықтан маңызды аккаунттардың, электронды құжаттар мен цифрлық активтердің тізімін алдын ала жасап қойған дұрыс. Бұл жақындарына олардың қайда сақталғанын білуге, қажетті мәліметтерді табуға және мұраны қалай рәсімдеу керегін анықтауға көмектеседі.

Сондай-ақ отбасылық фотосуреттер мен құжаттар сақталған сервистердің баптауларын тексеріп, мүмкіндік болса, оларға қол жеткізе алатын сенімді адамды алдын ала белгілеп қойған жөн. Ал әлеуметтік желі арқылы кәсіп жүргізетіндер аккаунтты басқа адамға беру туралы платформаның ережелерімен танысуы қажет.

Криптовалюта әмияндарының қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлу керек. Оларға кіруге арналған құпия кілттер мен басқа да мәліметтерді бөтен адамдардың қолына түспейтін жерде сақтау маңызды. Ал құны жоғары цифрлық активтерді мұраға қалдыру жолдарын өсиет жасаған кезде нотариуспен ақылдасуға болады.

Осылайша, қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, цифрлық мүлік туралы мәліметтерді сақтап қою жақындарына мұраны рәсімдеуді жеңілдетеді. Сондай-ақ отбасылық естеліктер мен жинақталған қаражаттан айырылып қалу қаупін азайтады.

Қазақстанда цифрлық мұра қалай реттеледі

Цифрлық мүлікті мұраға қалдырудың пәтерді, көлікті немесе банктегі ақшаны мұраға беруден өзіндік ерекшеліктері бар. Мұндай мүлік шетелдік интернет-платформада сақталуы, құны жоғары болуы немесе оған қол жеткізу үшін арнайы құралдар қажет болуы мүмкін. Сондықтан цифрлық мұраға қатысты мәселелер бірнеше заң аясында реттеледі.

— Қазіргі уақытта Қазақстан заңнамасында «цифрлық мұра» деген жеке ұғым да, цифрлық активтерді мұраға қалдырудың арнайы тәртібі де қарастырылмаған. Дегенмен қолданыстағы заңнамада мүлікті мұраға қалдырудың жалпы тәртібі белгіленген. Ал Цифрлық кодекс цифрлық нысандарға қатысты құқықтарды пайдалану және оларды басқа адамға беру мәселелерін реттейді, — деді Айнұр Әлмұханова.

Сондықтан электронды мұрағаттарды, әлеуметтік желідегі аккаунттар мен цифрлық қаражатты мұраға алу үшін алдымен олардың кімге тиесілі екенін анықтау қажет. Сондай-ақ мұндай мүлікке қатысты құқықтарды басқа адамға беруге бола ма, ондағы мәліметтерге қалай қол жеткізуге болады деген мәселелерді ескеру маңызды. Қажетті құжаттарды алдын ала рәсімдеп, маңызды ақпаратты сақтап қою мұрагерлердің кейін қиындыққа тап болмауына көмектеседі.

Еске салайық, мұның алдында қайтыс болған адамның несиесін кім төлейтіні туралы жазған едік.