«Заң жобасының мақсаты – адам құқықтарын іске асырудың кепілі ретінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін бекіту бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру. Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормаларымен Уәкілдің қызметінің міндеттері, тәуелсіздігі мен өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың алдында есеп бермеуінің кепілдіктері бекітілді. Бұдан былай Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен оның қызметін ұйымдастыру конституциялық заңмен айқындалады», - деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.
Жалпы, Конституциялық заң 6 тараудан және 23 баптан тұрады. Заң жобасы Уәкіл қызметінің мақсаттары мен міндеттерін, оның құқықтық жағдайы мен құзыретін ашады. Уәкілдің, оның облыстардағы өкілдерінің және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметін ұйымдастыруға байланысты ережелер көзделген.
«Қолданыстағы заңда көзделмеген негізгі жаңа ережелерге толығырақ тоқталғым келеді. Біріншіден, Уәкілдің құзыретін күшейту ескерілген. Конституция нормаларын іске асыру мақсатында құжатта Уәкілдің адамның Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық сотқа жүгіну құқығы көзделген. Сондай-ақ, басқа мемлекеттердің шақыруы бойынша адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына байқаушы ретінде әрекет ету құқығын беру ұсынылады.
Уәкілдің құзыретін күшейту мақсатында оның арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне кедергісіз бару құқығы бекітіледі», - деді министр.
Сонымен қатар, Уәкілдің қызметін ұйымдастырудың тиімділігін арттыру бөлігінде Заңда адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық басшысының орынбасары лауазымын енгізу, сондай-ақ Ұлттық орталықтың қосымша функциялары белгіленеді.