«Адам саудасына қарсы іс-қимыл» заңы көпшіліктің талқылауына шығарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігі «Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңын ашық талқыға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжатта көрсетілгендей, аталған заң адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және осы саладағы мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған.

«Заңның күші ҚР азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ ҚР аумағында тұрақты тұратын не уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, ҚР аумағында адам саудасының құрбаны ретінде анықталған және сәйкестендірілген адамдарға қолданылады», - делінген «Ашық» НҚА порталында жарияланған құжатта.

Заңның міндеттері – адам саудасына байланысты қылмыстарға қарсы іс-қимылдың бірыңғай жүйесінің қызметін ұйымдастыру, құрбандарға көмек көрсету және олардың қауіпсіздігі мен жеке өмірінің құпиялылығын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, міндеттердің бірі - адам саудасымен байланысты қылмыстардың алдын алу, жолын кесу.

Мәлім болғандай, аталған заңда кәмелетке толмағандар арасындағы адам саудасының алдын алуға аса мән берілген. Яғни, бұл мақсатта жасөспірімдерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіледі. Бұған қоса, тәрбие мекемелеріне адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы бағдарлама әзірленбек.

Заңды ашық талқылау 27 ақпанға дейін жалғасады.