Әділет органдары қызметкерлері бір күнде он алты адамды қабылдады

ОРАЛ. 4 мамыр. ҚазАқпарат - 4 мамыр күні «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының қабылдау бөлмесінде «Әділет кеңес береді» республикалық іс-шарасы аясында әділет органдары қызметкерлері он алты адамды қабылдады.

Әділет департаментінің бөлім бастығы Г.Нұржанованың атап өткеніндей, бұл шара 2010 жылдан бері дәстүрлі өткізіліп келеді. Сол жылы Әділет министрлігінің бастамасымен оның аумақтық құрылымдары «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалдарымен меморандум жасасқан болатын. Биыл осындай шара екінші рет өткізіліп отыр. Келген адамдар заңгерлік кеңес алып қана қоймай, кейде әділет саласына қатысы жоқ мәселе-сауалдарын да жеткізеді. Мәселен, жер телімдерін бөлу, сот шешімдерімен келіспеу, жалақы төлемеушілік. Мұндай өтініш, шағымдар кейін өкілетті органдарға берілу үшін қабылданады.

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қызметкері Гүлжан Мұқтарованың айтуынша, жыл басынан бері филиалдардағы қабылдау бөлмелеріне 900-дей адам келген. 123 өтініш бойынша жазбаша арыз қабылданған, оның орындалуы партия филиалдарының бақылауында.