ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Жаңақала аудандық орталық ауруханасында босану кезінде көз жұмған әйелдің күйеуі Нұржан Қанатов полицияға шағым түсірді.
Н.Қанатовтың айтуынша, биыл 36 жасқа толатын келіншегі ауруханаға 15 мамыр күні өз аяғымен барған.
«Бұған дейін ол денсаулығына шағымданған емес. Қалаға кеткіміз келген, алайда үлгермейсіңдер деп сол ауруханада қалдырды. Содан кешке сүйегін алып шықтық қой. Өзімен бірге құрсағындағы қыз бала – шақалақ та шетінеп кетті. Артында үш ұлым қалды. Үлкені 11-де, кішісі 5-те. Полицияға берген арызым дұрыс қаралып, кінәлі адамдар жазасын алса деймін. Әділдік күтемін», деді Kazinform тілшісіне Н.Қанатов.
БҚО полиция департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі осы қайғылы оқиғаның жай-жапсары анықталып жатқанын, ақпаратты кейін беретінін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жүкті әйелдің босану кезінде көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).