Адвокат Перизат Қайраттың кінәсіз екенін мәлімдеп отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қоғамда резонанс тудырған іске қатысты Перизат Қайраттың адвокаты өз ұстанымын білдірді.
Қорғаушының айтуынша, оның қорғауындағы күдікті тағылған айыптарды мойындамады және қызметін ашық жүргізген.
— Жабық режимде өткен тергеу әрекетінің егжей-тегжейін айтуға құқығым жоқ. Ол (Перизат Қайрат — ред.) қызметінің ашық болғанын, қайырымдылық жобасының шынайы түрде жүзеге асқанын дәлелдеді. Мен оны кінәсіз деп есептеймін, өйткені тиісті дәлелдер ұсынылған жоқ, — деп қысқа қайырды адвокат Асланбек Дәулетияров БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Санаулы минуттан кейін Перизат Қайрат пен оның анасына үкім шығады. Ескеретін жайт, БАҚ өкілдерінің сот залына кіруге тыйым салынды, журналистер арнайы баспасөз орталығында онлайн тыңдап отыр.
Айта кетсек, прокурор Перизат Қайратты 10 жыл, анасын 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Еске салайық, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаевадан жауап алу жабық режимде өтті.
Атышулы іске қатысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов пікір білдіріп, «Перизат Қайрат ісі — заңнамалық өзгерістер үшін мүмкіндік» деген еді.
Перизат Қайрат пен анасына тағылған айыптар туралы сілтемеге өтіп танысуға болады.