Су шаруашылығы құрылыстарын дамыту департаментінің директоры Сағи Үтелов Балқаш маңындағы елді мекендерді ауызсумен қамту жер астындағы су көздері арқылы жүргізілетінін айтты.
– Балқаш көлі маңындағы елді мекендер ауызсуды жерасты көздерінен алады. Ал АЭС-тің су қажеттілігі жер үстінде, яғни Балқаш көлінен қамтамасыз етіледі. Яғни, станция үшін көлден су алу жоспарланып отыр, – деді С.Үтелов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, департамент басшысы Балқаш көлінің негізгі қоректендіруші көзі саналатын Іле өзенінің арнасы тазартылып жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, қазір Балқаш маңындағы тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты қауіп жоқ.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастауды ұсынған еді.
Балқаш маңында салынатын алғашқы атом электр станциясының құрылысы ресейлік «Росатом» консорциумымен бірлесіп жүзеге асырылады.