Қазақстандағы алғашқы екі АЭС-ті кім салады — министр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда салынатын алғашқы екі атом электр станциясының құрылысына Ресей мен Қытай компаниялары қатысады. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкіметте өткен брифингте мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Балқаш маңында салынатын алғашқы атом электр станциясының құрылысы ресейлік «Росатом» консорциумымен бірлесіп жүзеге асырылады.
Ал «Мойынқұм» деп аталатын екінші АЭС бойынша Қытайдың ұлттық ядролық корпорациясымен ынтымақтастық мәселесі пысықталып жатыр.
— Бірінші «Балқаш» АЭС-і ресейлік «Росатом» консорциумымен жүзеге асырылады. Екінші «Мойынқұм» АЭС-і бойынша қазіргі уақытта Қытайдың ұлттық ядролық корпорациясымен жұмыс жүргізіліп жатыр, — деді Ерлан Ақкенженов.
Сонымен қатар министр келісімнің нақты талаптары мен жобаның өзге де параметрлері әлі талқыланып жатқанын атап өтті.
— Қазір барлық мәселе, оның ішінде мәміленің талаптары да талқыланып жатыр. Дегенмен жобаларды 2035 жылға қарай аяқтауымыз керек деп есептейміз, — деді Энергетика министрі.
Айта кетейік, 2027 жылдың соңына дейін екінші АЭС бойынша келісімге қол қойылмақ.