Грекия өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, құтқарушылар үйінді астынан алты адамның денесін тапқан. Бұған дейін олар пәтерлердің бірінде тұрған егде жастағы ерлі-зайыптыны және басқа пәтерде орналасқан төрт туристі іздеген.
Өрт сөндіру қызметінің өкілі Василис Ватракогианнистің айтуынша, іздеу-құтқару жұмыстарына жедел қызмет мамандары мен кинологтар жұмылдырылған. Сондай-ақ камералар мен арнайы датчиктер қолданылған.
Жарылыстың нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Өрт сөндіру қызметінің тергеу тобы оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін жарылыс болған жерде газдың иісі сезілгені туралы хабар түскен. Афины мэрі жарылыс газ инфрақұрылымына байланысты болуы мүмкін екенін айтты.
Қаза тапқан төрт турист АҚШ-тан келген екі ерлі-зайыпты болған. Олар жұма күні жергілікті уақыт бойынша сағат 15:00-де Афины әуежайынан ұшуы керек еді, алайда рейске келмеген. Бұл туралы полициядағы дереккөз хабарлады.
Жарылыс жұма күні Плака ауданында болды. Бұл аумақ Афинының ең көп баратын көрікті жерлерінің, соның ішінде Акрополь мен Зевс Олимпиялық ғибадатханасының маңында орналасқан.
Жарылыс салдарынан ғимарат іс жүзінде толығымен қирады. Сонымен қатар көршілес үйлер, дүкендер мен көліктер зақымданды. Құрылыс қалдықтары мен сынған әйнектер үш кварталға дейінгі қашықтыққа шашылған.
Айта кетейік, бұған дейін Якутияның көмір кенішінде жарылыс болғанын жаздық, қаза тапқандар бар.
Ал Теміртауда газ жарылып, үй иесінің денесін 75% күйік шалды.