Үнем 1 млрд теңге
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ведомствоның 80 мемлекеттік қызметінің 75-і, яғни 94%-ы электронды форматта көрсетіледі. Келесі кезеңнің мақсаты — цифрлық қызметтер санын арттырумен қатар, олардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету және қолда бар мемлекеттік деректерді қайта пайдалану.
Мемлекеттік қолдаудың негізгі құралдарының бірі — Gosagro.kz ақпараттық жүйесі. Ол арқылы 20 бағыт бойынша қолдау электронды түрде рәсімделеді. Жүйеде 200 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген. Мемлекеттік платформаға көшу ақылы өтінім беру қызметінен бас тартуға мүмкіндік беріп, ведомство деректеріне сәйкес ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 1 млрд теңгеден астам қаражат үнемдеуге жол ашты. Электронды кезек, күту парағы және форматты-логикалық бақылау процестің ашықтығын арттырып, қателіктер мен негізсіз шешімдер қаупін төмендетеді.
Дегенмен автоматтандыру барлық тәуекелді өздігінен жоймайды. Оның тиімділігі бастапқы деректердің сапасына, қолдау көрсету ережелерінің түсініктілігіне және өтінім беруден бастап қаражат аударуға дейінгі бақылауға байланысты.
39,6 млн мал басы есепке алынды
Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру ақпараттық жүйесінде ірі және ұсақ қара мал мен жылқыларды қоса алғанда шамамен 39,6 млн мал басы есепке алынған. Жеке сәйкестендіру жануар туралы мәліметтерді ветеринариялық іс-шаралармен және орын ауыстырулармен байланыстырып, қадағалауға негіз болады.
Tort Tulik мобильді қолданбасы сала қатысушыларының цифрлық сервистерге қолжетімділігін кеңейтсе, ветеринариялық мамандарға арналған ЖИ-ассистент дамытылып жатыр. Алайда, бұл шешімдердің тиімділігі деректердің уақтылы енгізілуіне және жергілікті жерде бірыңғай есеп жүргізу ережелерінің сақталуына байланысты.
Саланың әртүрлі сегментінде, оның ішінде eFish жүйесінде цифрлық шешімдер қолданылып келеді. Түпкі мақсат — өзара байланыссыз сервистер жиынтығы емес, өнім қозғалысын есепке алу мен бақылаудың бірыңғай әрі үйлесімді тетігін қалыптастыру.
Пайдаланылмайтын алқаптарды анықтау
Жерді пайдалануды бақылауда JerInSpectr жүйесі Жерді қашықтан зондтау деректерін пайдаланып, қосымша тексеруді қажет ететін учаскелерді анықтайды. 2025 жылдың қорытындысында 22,2 мың гектар пайдаланылмайтын егістік және шамамен 916 мың гектар жүктемесі төмен жайылым анықталды. Елдің ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру аяқталды.
Спутниктік деректер ықтимал бұзушылықтарды анықтауға көмектеседі. Дегенмен түпкілікті басқарушылық шешім тексеру нәтижелері мен жергілікті жағдайды ескере отырып қабылдануы тиіс.
Өсімдік шаруашылығы өнімінің қадағалану ақпараттық жүйесі (ӨШҚЖ) дамып келеді. Оны әзірлеу жұмыстарын аяқтау 2027 жылдың соңына жоспарланған. Жүйе өсімдік шаруашылығы өнімінің қозғалысы туралы деректерді цифрлық инфрақұрылымға енгізіп, өндірістен бастап одан әрі айналымға дейінгі процестердің тұтас көрінісін қалыптастыруға ықпал етуі тиіс.
Деректер бір жерде тоғысады
Агроөнеркәсіп кешенін цифрландырудың келесі кезеңі — бытыраңқы ақпараттық жүйелерден өзара байланысты деректер негізінде басқаруға көшу. Осы мақсатта Digital Agro Platform және Smart Data Agro салалық деректер көлі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді біріктіріп, BI-ды қоса алғанда, аналитикалық құралдарды қамтамасыз етуі тиіс.
Нысаналы нәтиже — агроөнеркәсіп кешенінің бірыңғай цифрлық терезесі мен фермердің цифрлық профилін қалыптастыру. Бұл қажетті мәліметтер мен қызметтерге бір деректі қайта ұсынбай-ақ қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ол үшін жүйелерді техникалық тұрғыдан біріктірумен қатар, анықтамалықтар мен деректер форматтарын үйлестіру, олардың сапасына жауапкершілікті айқындау, ведомствоаралық алмасуды жолға қою және қайталанатын қол операцияларын қысқарту қажет.
Смарт-фермалар: технологиядан нақты нәтижеге
Смарт-фермаларда деректер есеп беру үшін ғана емес, өндірісті күнделікті басқару үшін де пайдаланылады. Дәл егіншілік технологиялары, топырақ ылғалдылығы мен жағдайын өлшейтін датчиктер, метеостанциялар, спутниктік суреттер мен ұшқышсыз аппараттар егіс пен алқаптардың жай-күйін бағалауға көмектеседі.
Мал шаруашылығында толық роботтандырылған сүт-тауар кешендері, отар қозғалысын қадағалау жүйелері және жануарлардың денсаулығын бақылайтын құралдар қолданылады. Жасанды интеллект осы мәліметтер арқылы өнімділік пен ауа райы тәуекелдерін болжауға, мал жаюды басқаруға мүмкіндік береді.
Алайда смарт-ферма жай ғана датчиктер жиынтығы немесе арнайы техника сатып алу емес. Нәтиже деректердің жүйелі жиналуына, цифрлық құралдардың өндірістік процестермен байланысына және аналитиканы іс жүзінде қолдануға тәуелді.
Сондықтан шаруашылықтардың цифрлық кемелдігін бағалау, смарт-фермаларға жатқызудың түсінікті өлшемшарттарын әзірлеу және тиісті тізілім қалыптастыру маңызды. Шаруашылық деңгейінде жиналған деректер салыстырмалылық, дәйектілік және қолжетімділік талаптары сақталған жағдайда салалық аналитикада да пайдаланылуы тиіс.
Цифрлық трансформация өздігінен емес, өлшенетін нәтижеге әкелгенде ғана мәнді. Фермер үшін бұл қолжетімді әрі түсінікті қызметтер, мемлекет үшін процестердің ашықтығы мен басқарылуы, сала үшін «деректер — болжам — шешім — нәтиже» қағидаты бойынша қабылданатын шешімдер. Дәл осындай модельге көшу цифрлық технологияларды жекелеген құралдар жиынтығы ретінде емес, Қазақстан ауыл шаруашылығын заманауи басқарудың негізі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұған дейін қазақстандық студент ауыл шаруашылығы ресурстарын тиімді пайдалануға арналған ЖИ шешімін ұсынғанын жазған едік.