ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекция басшысы қызметіне Мұхтар Оразбаев тағайындалды.
Мұхтар Әуесұлы Оразбаев 1971 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «Ауыл шаруашылығын механизациялау» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы «Аралбалық өндірісі» акционерлік қоғамы автопаркінің механигі болып бастаған. 2000-2012 жылдары Арал ауданы әкімі аппаратының жетекші маманы, бас маманы, бөлім басшысы, аппарат басшысы лауазымдарында абыройлы қызмет атқарған. 2012-2021 жылдары Арал ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімі болды.
2021 жылдың мамыр айынан осы кезге дейін Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Бақыт Жаханов Қызылорда облысы әкімінің орынбасары тағайындалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.