AI JOL: Қазақстанда жүк тасымалы цифрлық бақылауға көшеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 13 отандық тасымалдаушының 50 жүк көлігін қамтыған AI JOL цифрлық платформасының пилоттық жобасы іске асырылды. Жоба көлік қозғалысын бақылауға, жүргізушілердің шаршау белгілерін анықтауға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.

Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Бұл мәселе Көлік министрлігінде Қытайдың China TransInfo Group технологиялық компаниясы өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте талқыланды.

Қазақстандық делегацияны Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Дастан Жұмақұлов басқарды. Кездесуге «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «ҚазжолҒЗИ» АҚ және Көлік министрлігінің бейінді құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.

Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Қытай тарапы зияткерлік көлік жүйелерін енгізу, жүк тасымалдарын цифрлық бақылау және көліктік қадағалауды автоматтандыру бағытындағы тәжірибесін таныстырды.

AI JOL платформасы жүк көліктерінің қозғалыс бағыты мен жылдамдығын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүйе жүргізушілердің шаршау белгілерін анықтап, жолдағы қауіптің алдын алуға көмектеседі.

Фото: ҚР Сауда және интеграци министрлігі

Кеңес қорытындысында тараптар платформаны енгізу және жүргізушісіз жүк тасымалын дамыту бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Сонымен бірге Қазақстанда осындай жобаларды іске асырудың техникалық және нормативтік-құқықтық мәселелерін пысықтау жөнінде келісімге келді.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан Қытаймен жүк тасымалы көлемін 10 есе арттыруды көздеп отыр.