Вице-премьер сайлау науқаны барысында саяси партиялардың белсенділік танытқанын атап өтіп, ендігі таңдау азаматтардың еншісінде екенін айтты.
- Партиялар сайлау науқанына өте креативті әрі белсенді қатысты және әрқайсысы өздерінің партиялық бағдарламаларының артықшылықтарын көрсетуге тырысты. Қазақстандықтардың бейжай қарамай, сайлау науқанын бақылап, белсенді қатысып, бағдарламаларды тыңдағаны өте жақсы. Бүгінде олардың ең үздік партиялық бағдарламаға дауыс беруге тамаша мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Өйткені барлық партияның, әрине, Құрылтай құрамына барынша көп орын алуды көздейтіні белгілі. Алайда мұны сайлаушылар анықтайды. Менің ойымша, өз партиялық бағдарламасының артықшылықтарын көрсете алған ең белсенді партия жеңіске жетеді, – деді Аида Балаева журналистерге.
Болашақ Құрылтай қандай болуы керек деген сұраққа жауап берген министр оның кәсіби жұмыс істеуі және халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуы қажет екенін атап өтті.
- Кәсіби болуы керек, халықтың мүддесін шын мәнінде көздеуі тиіс. Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет, өйткені Ұлттық Құрылтайды халық сайлайды. Менің ойымша, Құрылтай депутаттары бізді, сайлаушыларды ұятқа қалдырмайды, – деді Аида Балаева.
Сайлаудан кейін Үкіметтің құрамы өзгеруі мүмкін бе деген сұраққа Аида Балаева нақты баға беруге бейім емес екенін айтып, қазіргі Үкімет мүшелерінің кәсібилігін атап өтті.
- Менің ойымша, бүгінгі таңда жұмыс істеп отырған Үкімет құрамы өте кәсіби. Көптеген министр өз қызметінде қалады деп ойлаймын. Мемлекет басшысының жүзеге асырылып жатқан нақты міндеттері мен бастамалары бар. Олар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Меніңше, көптеген министр осы бағытты жалғастырып, жұмысын әрі қарай атқарады және Үкімет құрамында қалады, – деді ол.
Өз саласындағы басым міндеттер туралы айтқан министр жаңа Конституцияға сәйкес заңнаманы сәйкестендіру қажеттігін атап өтті.
- Ең бастысы – қазір жаңа Конституция бар. Біз барлық заңдарымыз бен заңға тәуелді актілерімізді соған сәйкестендіруіміз керек. Алда болашақ Құрылтаймен, Құрылтай депутаттарымен бірге атқаратын ауқымды жұмыс тұр. Әрине, Мемлекет басшысы айтқан барлық бастамаларды да жүзеге асыруымыз қажет. Бұл – барлық саланы цифрландыру, барлық азаматқа тең мүмкіндік беруге бағытталған әлеуметтік саясат. Бұл өте маңызды. Сондықтан, әрине, біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз, – деді вице-премьер.
Аида Балаева ақпарат және мәдениет салаларына қатысты мәселелерге де жеке тоқталып, «заң және тәртіп» қағидатын сақтау және жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимыл қажеттігін атап өтті.
- Егер мен жаңа Үкіметтің құрамында болсам, медиасала мен онлайн-платформалар саласындағы заңнаманы жетілдіру бағытында жұмыс істейтін боламыз. Қоғамда қаншама мәселе туындап жатқанын көріп отырмыз. Қазірдің өзінде бізде сіздермен бірге талқылайтын үлкен түзетулер пакеті бар, – деп қорытындылады Аида Балаева.
Айта кетейік, Аида Балаева Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында дауыс берді.