Air Astana президенті Питер Фостер Алматыда өткен брифингте алдағы уақытта әуе компания ІРО-ға қатысатынын ресми түрде растады.
Оның айтуынша, IPO-дан әуе компаниясы 120 млн доллар таба алады.
«IPO нәтижесінде $120 млн тартамыз деп үміттеніп отырмыз, бірақ күтілетін транзакциялардан қаншалықты көп болатынын айта алмаймын. Әрине, бүкіл транзакцияның көлемі бұл сомадан айтарлықтай жоғары болады», — деді Питер Фостер.
«Самұрық-Қазына» АҚ активтерін жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің директоры Дастан Адиходжаевтың айтуынша, бұл шара — Мемлекет басшысының тапсырмасын және Үкімет қабылдаған 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру жөніндегі жұмысының бір бөлігі.
«Самұрық-Қазына» қорының басты мақсаты — Air Astana компаниясы IPO-ға шыққан жағдайда мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, компанияның ұжымдық басқару жүйесін жақсарту, сатылым арқылы компанияны дамытуға қажет қаражатты тарту және Ұлттық қор табысын арттыру болып отыр. Сонымен қатар отандық бағалы қағаздар нарығын дамыту, халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауатын арттыру — негізгі мақсатымыз», — дейді ол.
Сондай -ақ ол ІРО барысында қарапайым акциялармен қатар депозитарийдің ғаламдық қолхаты да сатылатынын атап өтті.
«Бұған дейін өткізілген ІРО мен SPO-дан айырмашылығы — ол кезде „Самұрық-Қазына“ ғана акция сатса, бұл жолы бірден үш тарап ІРО арқылы акция сатайын деп отыр. Компания 120 миллион долларға дейінгі акциясын нарыққа шығара алады. Ал қаржы компания құрылымын жақсартуға жұмсалады», — дейді Дастан Адиходжаев.
Баға диапазонын жариялау процедурасы, сондай-ақ инвесторлардың тапсырыстар кітабын және роуд-шоуды қалыптастырудың басталуы осы жылдың қаңтар айының соңында өтеді.