Air Astana-ның сотталған экс-қызметкерлерінен үй-жай мен бағалы көліктер тәркіленеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алмалы аудандық сотында сеніп тапсырылған ақшалай қаражатты иемдену және талан-таражға салу айыбы бойынша сотталған Air Astana бұрынғы қызметкерлерінің мүлкі тәркіленеді.
Бұған дейін сот үкімімен Ренат Абулханов пен Еркін Исановқа 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал Дәуір Еркенұлы 9 жылға сотталды. Сот кабинетінде аталған үш азаматтың тәркіленуге жататын мүліктері жарияланды.
Дәуір Еркенұлының өз атына және туыстарының атына тіркелген келесі мүлкі тәркіленеді:
• құны 35 833 333 теңге болатын 2017 жылы шыққан «TOYOTA LAND CRUISER 200» маркалы автокөлігі;
• құны 15 400 000 теңге болатын 2021 жылы шыққан «TOYOTA CAMRY» маркалы автокөлігі;
• анасы Сеитова Гульмира Толеугалиевнаның атына тіркелген, құны 62 600 000 теңге болатын 2015 жылы шыққан «MERCEDES-AMG GT S» маркалы автокөлігі;
• туысы Айтжанова Булбулдың атына тіркелген, құны 22 133 333 теңге болатын 2023 жылы шыққан «ZEEKR 001» маркалы автокөлігі;
• құны 1 000 000 теңге болатын 2024 жылы шыққан «МЗСА 817732» маркалы тіркемесі;
• банктік шоттарда және Binance-те жатқан 4 034 547 теңге сомасындағы ақша қаражаты.
Еркін Исановтың өз атына және зайыбы Ақбота Жақанованың атына тіркелген келесі мүліктері тәркіленеді:
• құны 22 133 333 теңге болатын 2023 жылы шыққан «ZEEKR 001» маркалы автокөлігі;
• құны 4 200 000 теңге болатын 2022 жылы шыққан «DUCATI MONSTER» мотоциклі;
• зайыбы Жақанова Ақбота Маратқызының атына тіркелген, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Ерменсай мөлтек ауданы, Жақсылық Үшкемпіров көшесі, 42-үй, 18-пәтер;
• зайыбы Жақанова Ақбота Маратқызының атына тіркелген, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Ерменсай мөлтек ауданы, Жақсылық Үшкемпіров көшесі мекенжайында орналасқан №317, 318 тұрақ орындары және сол жерде орналасқан №396 қоймажай, жалпы құны 125 000 000 теңге болатын мүлік;
• банктік шоттарда және Binance-те жатқан 255 641 теңге сомасындағы ақша қаражаты.
Ренат Абулхановтың өз атына, анасы Сабирова Маншук Сабированың және зайыбы Надежда Мамышеваның атына тіркелген келесі мүліктері тәркіленеді:
• құны 8 400 000 теңге болатын 2016 жылы шыққан «KIA K5» маркалы автокөлігі;
• құны 22 533 333 теңге болатын 2021 жылы шыққан «HYUNDAI PALISADE» маркалы автокөлігі;
• зайыбы Мамышева Надежда Александровнаның атына тіркелген, Алматы қаласы, Медеу ауданы, Ж. Омарова көшесі, 25/1-үй, 10-пәтер, құны - 68 200 000 теңге;
• анасы Сабирова Маншук Хамитовнаның атына тіркелген, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Горная долина көшесі, 25 «Б»-үй, 13-пәтер, құны - 105 666 667 теңге;
• Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Раугаш көшесі, 7-үй, 8-пәтер, құны - 251 833 333 теңге;
• банктік шоттарда және Binance-те жатқан 4 823 154 теңге, 31,78 АҚШ доллары және 5 100 АҚШ доллары сомасындағы ақша қаражаты.
Сондай-ақ азаматтық талап қоюшы «Эйр Астана» АҚ-ның материалдық залалды өндіру туралы талап арызы ішінара қанағаттандырылған. Сотталғандар Дәуір Еркенұлынан, Еркін Исановтан және Ренат Абулхановтан «Эйр Астана» пайдасына ортақ тәртіппен 1 014 464 027 теңге мөлшерінде материалдық залал, үлестік тәртіппен 30 433 921 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндіріледі.
Сот кабинетіндегі мәліметке сәйкес, сотталғандар бұл үкімге апелляциялық шағым түсірген. Алдағы уақытта іс апелляциялық сотта қаралатын болады.
Еске салайық, бұған дейін Air Astana бұрынғы қызметкердің мәлімдемесіне жауап берді.