Air India апаты: 204 адамның мәйіті табылды

Фото: Reuters

НЬЮ-ДЕЛИ. KAZINFORM — Үндістандағы ұшақ апаты болған жерде 200-ден астам мәйіт табылды, деп жазды ТАСС.

Олардың арасында құлаған ұшақ жолаушылары сондай-ақ оқиға кезінде сол аумақта болған адамдар да болуы мүмкін екені хабарланды.

Үндістанның батысында Air India әуекомпаниясының ұшағы құлаған жерде 204 адамның мәйіті табылғаны туралы Reuters агенттігі полицияға сілтеме жасап хабарлады.

Бұған дейін полиция ұшақ тұрғын үй аймағына құлағанын хабарлаған еді. Оқиға болған аумақта медициналық колледждің жатақханасы мен штаттық аурухана қызметкерлерінің жатын орны, өзге де ғимараттар бар.

Шамамен 50 адам жарақат алып, 5 адам қаза тапты.

Еске сала кетейік, Air India әуекомпаниясының Boeing 787 Dreamliner ұшағы Ахмедабад қаласындағы Сардар Валлабхбхая Патела халықаралық әуежайынан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай апатқа ұшырады.

Ахмадабадтан 13:38–де көтерілген Boeing 787-8 ұшағының бортында 242 жолаушы мен экипаж мүшелері болған. Олардың 169-ы Үндістан азаматы, 53-і Ұлыбритания азаматы, біреуі Канада азаматы және жетеуі Португалия азаматы болғаны хабарланды.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Air India ұшағының апатынан қаза тапқан немесе зардап шеккен Қазақстан азаматтары туралы ақпарат түспегенін хабарлады.

Қазақстан Президенті Үндістан Премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады.

Алдын-ала мәлімет бойынша Air India ұшағында болған 242 жолаушының бәрі қаза тапқаны хабарланды.