Airbus америкалық Boeing-тен кем қалмау үшін банктен рекордтық несие алмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық инвестициялық банк (ЕИБ) Airbus концерніне азаматтық авиация, ғарыш және қорғаныс салаларындағы зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландыру үшін 3 млрд еуро көлемінде несие береді. Тараптар Брюссельде алғашқы 1 млрд еуролық транш туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы DW жазды.

Фото: taipeitimes.com

ЕИБ мәліметінше, бұл – банк тарихындағы ең ірі несие. Қаражат Германия, Франция және Испаниядағы зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды кеңейтуге жұмсалады. Қаржы Airbus-тың азаматтық авиация, ғарыш және қорғаныс бағыттарындағы жобаларын дамытуға бағытталады.

Банк мәлімдемесінде несиенің икемді шарттары мен ұзақ мерзімді өтеу кестесі Airbus-қа әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік беретіні айтылған.

ЕИБ президенті Надя Кальвиньо Еуропаның халықаралық бәсекелестік жағдайында жылдам әрі ауқымды шешім қабылдай алатынын атап өтті.

– ЕИБ тарихындағы бұрын-соңды болмаған бұл қаржыландыру Airbus компаниясына ұзақ мерзімді зерттеулерге, әзірлемелерге және инновацияларға инвестиция салуға қажетті қаржы мен икемділікті қамтамасыз етеді. Бұл азаматтық авиацияға ғана емес, қауіпсіздік пен қорғаныс салаларына да қатысты, – деді ЕИБ вице-президенті Амбруаз Файоль AFP агенттігіне.

Оның айтуынша, бөлінген қаражаттың бір бөлігі ұшақтардың парниктік газ шығарындыларын азайтуға бағытталған жобаларды қолдауға жұмсалады.

Еуропалық одақ Қытай мен АҚШ тарапынан күшейіп келе жатқан бәсекелестік жағдайында еуропалық өнеркәсіптің позициясын нығайтуды көздеп отыр. Airbus – әлемдегі ең ірі ұшақ өндіруші компания, оның негізгі бәсекелесі – америкалық Boeing корпорациясы.

Айта кетейік, Қазақстанның Airbus әуе кемелерін бағдарламалық жаңарту жұмысын толық аяқтағаны хабарланған.

Сондай-ақ Airbus ұшақтарын Қытайда жасалған роботтар құрастыртынын жаздық.