Ақ жаулықты әженің ақ батасы

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде мәслихат депутаттарының сайлау күні аға буын өкілдерінің ақ батасын беруі игі дәстүрге айналған.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін, 29 қарашада, Ақтөбеде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Қала тұрғындары арасында өз таңдауын жасауға келген ақ жаулықты әжелер де бар.

Солардың бірі – 82 жастағы Гүлара Шалабаева. Ол №46 сайлау учаскесіне келіп, дауыс бергеннен кейін елдің амандығы мен тыныштығын, жұрттың береке-бірлігін тілеп, ақ батасын берді. Қария дауыс беруге келген қала әкімі Азамат Бекетке, жиналған жұртшылық пен сайлау учаскесінің қызметкерлеріне ізгі тілегін арнады.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбеде сайлау күні үлкендердің батасын алу – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тағылымды дәстүрлердің бірі.

Бүгін қала әкімі Азамат Бекет те жұбайымен бірге азаматтық борышын орындап, №30 орта мектеп ғимаратында орналасқан №46 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қала басшысы бұл күннің ел мен өңір болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, ақтөбеліктердің сайлауға белсенді қатысатынына сенім білдірді.

– Бүгін елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Бұл жай ғана дауыс беру емес, еліміздің, сүйікті қаламыздың дамуына әсер ететін маңызды шара. Бүгін жұбайыммен бірге өз таңдауымызды жасауға келдік. Еліміздің болашағы үшін дауыс беруді азаматтық борышымыз деп санаймыз, – деді Азамат Бекет.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласында сайлаушыларға арналған 179 учаске жұмыс істеп тұр. Дауыс беру құқығына ие қала тұрғындарының жалпы саны – 357 228 адам. Оның ішінде 2 443 жас алғаш рет дауыс беріп жатыр.

Сайлау күні учаскелерде мерекелік көңіл күй де байқалады. Тоғыз сайлау учаскесінде азық-түлік пен қолдан жасалған бұйымдардың шағын жәрмеңкелер ұйымдастырылып, бірқатарында концерттік бағдарламалар өтіп жатыр. Қала әкімі дауыс бергеннен кейін осындай жәрмеңкелердің бірін аралап, жергілікті өнімдерді сатып алды.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін сайлау учаскелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін коммуналдық кәсіпорындар мен байланыс қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Барлық учаскеде тұрғындардың еркін әрі қолайлы жағдайда дауыс беруіне қажетті жағдай жасалған.

Ақ жаулықты әженің ақ батасы, жастардың алғашқы дауыс беруі, қала тұрғындарының азаматтық белсенділігі – бүгінгі сайлау күнінің өзіндік көрінісі.

Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі