Атыраудағы отбасының өлімі: Ақбаян Мұқанғалиеваның балаларымен қауышқан видеосы тарады

АТЫРАУ.KAZINFORM - Атырау облысында бүтін бір отбасының өліміне себеп болған Сұлтан Сарсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваның балаларымен кездескен кезде түсірілген видео тарады.

Фото: видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде жарияланған видеодан Ақбаян Мұқанғалиеваның жасөспірімдерді бейімдеу орталығында тұрып жатқан балаларымен сағына қауышқан сәтін байқауға болады.

Ақбаян Мұқанғалиеваның тамыз айында психикалық денсаулық орталығынан шыққанын, содан кейін балаларымен кездескенін жазған едік.

Қазір Ақбаян туыстарының қарауында. Балаларымен араласуы оның эмоционалдық жағдайына оң әсер етіп, психологиялық тұрғыдан қалпына келуіне сеп болуы мүмкін.

Туыстары оның емделуі мен оңалуына қажетті жағдай жасап жатыр. Олар Ақбаянның біртіндеп толықтай қалпына келіп, балаларымен бірге қалыпты өмірге оралатынынан үмітті.

Еске салайық, қыркүйек айының басында Сұлтан Сарсемалиевті өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім күшіне енді. Ата-енесі мен әйелінің бауырларын өлтірген сотталушы апелляциялық шағым жазған жоқ.