Атыраудағы бүтін бір отбасының өлімі: Ақбаян Мұқанғалиева психикалық орталықтан шықты

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда атышулы қылмыстық іс бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сарсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығынан шығарылды. Кейін ол кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, сәбилер үйіне барып, балаларымен кездескен.

Ақбаян Мұқанғалиева
Фото: Видеодан алынған кадр

Атырау облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының директоры Құндыз Ғиниятованың айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиева балаларымен алғаш рет өткен аптада кездескен. Екінші рет 1 қыркүйек күні жүздескен.

— Балаларының заңды өкілі ретінде балаларына келді. Ата-ана ретінде құқығынан айырылған жоқ. Жалпы балалармен кездесу кестеге сәйкес әр жұма күні, 17:00 мен 19:00 аралығында ұйымдастырылады. Мұны ол басында білмеген. 27 тамызда келді. Кейін балаларын білім күнімен құттықтауға келгенін айтып, 1 қыркүйекте кездесті, — деді орталық директоры.

Қазір оның төрт баласы Атырау облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Балалар орталық қабырғасында білім алады. Ал бір жарым жастағы кенже ұлы сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатыр.

— Балалардың денсаулық жағдайы, көңіл-күйі — жақсы. Кішкентайларды орталыққа орналастыру туралы шешімде олардың қай уақытқа дейін мұнда болатыны көрсетілмеген, — деп толықтырды Құндыз Ғинаятова.

Атыраудағы бүтін бір отбасының өлімі: Ақбаян Мұқанғалиева психикалық орталықтан шықты
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Ақбаян Мұқанғалиеваның туыстарының айтуынша, ол балаларын таниды. Дегенмен ем алуын алдағы уақытта да жалғастырады.

Еске салайық, шілдеде ата-енесін және әйелінің бауырларын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сарсемалиевке үкім шығып, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді.

Тергеу барысында Ақбаян Мұқанғалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.

Сондай-ақ Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты «бұрынғы күйеуі Сұлтан Сарсемалиевтің аса ауыр қылмысын жасырды» деген күдік расталмады. Тергеу барысында оның кінәсі дәлелденбей, қылмыстық іс тоқтатылды. Прокуратура ақпаратына сүйенсек, Алматыда жүргізілген стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, Ақбаян Мұқанғалиеваға динамикалық бақылау жүргізу және қосымша дифференциалдық диагностика қажет деп танылған еді.

Айта кетейік, соттың шешіміне қатысты аппеляциялық шағым түсірілді. Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, шағымды екінші деңгейлі банктердің бірі берген. Сұлтан Сарсемалиев қайынағасын пышақтап өлтіргеннен кейін банк қосымшасы арқылы оның атынан 4 млн теңге көлемінде тауарлы несие рәсімдеген.