Күннің екінші жартысында сотта марқұмның ата-анасы Бауыржан мен Айгүл Сағынбек, сондай-ақ Нұрайдың жақын құрбысы Ақсезім Шаттық жауап берді. Олар қыздың еркінен тыс әкетілуіне қатысты мән-жайларды, кейінгі қудалау әрекеттерін және полицияға жүгінгеннен кейінгі оқиғаларды баяндады.
Қоқан-лоқы мен мәжбүрлеу: әкесінің соттағы жауабы
Марқұмның әкесі Бауыржан Сағынбек қызын сабырлы, тәрбиелі әрі мақсатына берік жан ретінде сипаттады. Оның айтуынша, Нұрай мектепті үздік бітіріп, әрдайым білім алуға және кәсіби тұрғыдан өсуге ұмтылған. Ол сәнгер болуды армандап, Италияда жұмыс істеуді көздеген.
Сотта Бауыржан Сағынбек айыпталушы Шерхан Аймаханның Нұрайдың өз еркімен бірге кеткені туралы мәлімдемесін үзілді-кесілді жоққа шығарды. Оның айтуынша, айыпталушы қызды күштеп көлікке отырғызып, телефонын иемденіп, Алматыдан алып кеткен.
— Сағат шамамен 13:00–де қызымызбен мүлде байланыса алмадық. Кейін Нұрай айыпталушының телефонын тартып алып, үнемі балағаттап, қорқытқанын айтты. Ол: «Егер рөлге жармассаң, екеуміз де өлеміз, көлік аударылады», — деп қоқан-лоқы көрсеткен. Біз ақыры сөйлескенде қызымыз бір-ақ нәрсе айтты: «Әке, мұнда болып жатқанның бәрі менің еркімнен тыс. Мені бұл жерден алып кетіңіздер». Осы сөздерден кейін оның өз еркімен ешқайда кетпегеніне еш күмәнім қалмады, — деді Бауыржан Сағынбек.
Әкесінің айтуынша, ұлдары қарындастарын алып келуге кеткен кезде айыпталушының туыстары шақырусыз олардың үйіне келген. Олар болған жағдайды құда түсу ретінде көрсетуге тырысып, отбасыға белгісіз бір қолхат көрсеткен. Әңгіме соңы жанжалға ұласып, полиция шақыруға тура келген.
Бауыржан Сағынбек қызының Аймаханмен ерікті түрде қарым-қатынаста болғаны туралы мәлімдемелерді де жоққа шығарды. Оның айтуынша, үйіне оралған соң Нұрай онымен барлық байланысты үзуге тырысқан. Соған қарамастан Аймахан кездесуге ұмтылып, таныстары арқылы хабарласып, қыздың келісімінсіз ақша аударып, оны қудалауын тоқтатпаған.
Айыпталушы жіберген барлық ақшаны отбасы алдымен оның әкесіне қайтармақ болған. Алайда ол ақшаны алудан бас тартқан соң қаражат балаларға арналған қайырымдылық қорына аударылып, сотқа банк түбіртектерінің көшірмелері ұсынылған.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, отбасы бірнеше рет полиция мен прокуратураға жүгінгенімен, тиісті шаралар қабылданбаған.
— Егер құқық қорғау органдары біздің арыздарымызға дер кезінде әрекет еткенде, бұл қайғылы жағдай болмас еді, — деді Бауыржан Сағынбек.
Полициядағы қысым: Нұрайдың анасы не айтты
Жауап беру алдында Нұрайдың анасы Айгүл Сағынбек көз жасына ерік беріп, ұзақ жылады. Кейін сабырға келіп, қызы үйіне қайтарылғаннан соң полиция бөлімінде болған жағдайларды баяндады.
Оның айтуынша, Нұрайға арызын қайтарып алуы үшін психологиялық қысым жасалған.
— Бізді қызымызға ұзақ уақыт жолатпады. Кейін Нұрай полицейлер мен тергеушінің: «Бұл жігіттің 20 жылға сотталғанын қалайсың ба? Осындай күнәні мойныңа алуға дайынсың ба? Кейін қалай өмір сүресің?» — деп айтқанын жеткізді. Оған айыпталушы енді жоламайды деп уәде беріп, басқа мазмұндағы арыз жазуға және «өз еркіммен кеттім» деген бейнежазба түсіруге мәжбүрлеген, — деді Айгүл Сағынбек.
Ата-анасының айтуынша, келесі күні олар прокуратураға қызды еркінен тыс әкету және полиция қызметкерлерінің қысым көрсетуі туралы арыз беруге барған. Бірақ Нұрайдың өз еркімен кеткені туралы бейнежазбаға сүйеніп, арыз қабылданбаған.
Сонымен қатар марқұмның анасы сотта айыпталушы Шерхан Аймаханның бұған дейін автокөлік ұрлау ісінде де аты аталғанын мәлімдеді.
Қауіптеніп, пәтер ауыстыруды жоспарлағанбыз: жақын құрбысының жауабы
Сотта куә ретінде Нұрайдың бала күнгі жақын құрбысы әрі Алматыда пәтерде бірге тұрған сырласы Ақсезім Шаттық жауап берді. Ол алып қашу оқиғасынан кейін айыпталушының Нұрайды достары, курстастары және туыстары арқылы іздеуді жалғастырғанын айтты.
Ақсезімнің сөзінше, Нұрай ешқашан Аймаханға тұрмысқа шығуды жоспарламаған. 2025 жылғы қазан айындағы алып қашу оқиғасынан кейін ол одан қатты қорқып, барлық байланысты үзуге тырысқан.
— Шерхан оны алып қашқан кезде жанармай құю бекетінде Нұрайды күштеп көлікке отырғызып, телефонын тартып алды. Кейін Нұрай маған Аймаханның өзін алдағанын айтты. «Мені алып бара жатқанда ол шынайы бейнесін көрсетіп, мүлде басқа адамға айналды, маған психологиялық қысым көрсете бастады», — деген еді. Осыдан кейін Нұрай одан қатты қорқатын болды. Ол екі-үш рет телефон нөмірін ауыстырды, Шерхан барлық құрбыларына жазып, жаңа нөмірін сұрағандықтан бізді Instagram желісіндегі жазылушылар қатарынан да алып тастады. Шерхан университетке келіп, үйдің маңында жүрді, әртүрлі нөмірлерден қоңырау шалды. Біз тіпті пәтер ауыстыруды жоспарлағанбыз, бірақ үлгермедік, Нұрайды өлтіріп кетті, — деді Ақсезім Шаттық.
Сондай-ақ куәгер айыпталушының Нұрайға үйленуге ұсыныс жасағаны және сақина сыйлағаны туралы айтқан сөздерін жоққа шығарды.
Куәлар жауап бергеннен кейін жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрай Серікбайдың еркінен тыс әкетілуіне қатысты арыз бойынша процессуалдық шешім қабылдаған тергеуші мен прокурорды сотқа шақыру туралы өтінішхат берді. Сот бұл өтінішті кейінірек қарайды.
Келесі сот отырысы 31 шілдеге белгіленді.
Еске сала кетейік, 28 шілдеде Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты басты сот талқылауы басталды. Сотта айыпталушы Шерхан Аймахан жауап беріп, кінәсін мойындамай, әрекетін аффект жағдайында жасағанын мәлімдеді.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 11 қаңтар күні Шымкентте Нұрай Серікбай қаза тапқан. Айыптау тарапының мәліметінше, айыпталушы қызға 35 рет пышақ жарақатын салған. Шерхан Аймаханға некеге мәжбүрлеу, сталкинг және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша айып тағылған. Егер кінәсі дәлелденсе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.