Ақылды білезік: мектеп оқушылары науқастарға арналған жобаны іске асырды

АСТАНА. KAZINFORM — NIS оқушылары Паркинсон дерті мен инсульт салдарынан зардап шеккен жандарға арналған қолжетімді құрылғы ойлап тапты.

Фото: жоба авторларынан

Әлемде медициналық технологиялар саласы қарқынды дамып, ірі компаниялар инновациялық шешімдерге миллиардтаған инвестиция құйып жатқан тұста, қазақстандық оқушылар да ғылым мен технологияның жаңа бағытына батыл қадам жасап келеді. NIS Astana оқушылары қол дірілін бәседетуге арналған VibraFix атты ақылды білезік ойлап тауып, бұл идеяның мыңдаған адамға пайда әкелуі мүмкін екенін көрсетті.

Жобаны Шуғыла Сейдахмет, Малика Абильдина, Эльвира Садриева, Дарын Исмагулов және Абай Тұрғанбай әзірледі. Команда бір жыл бойы эссенциалды діріл, Паркинсон ауруы және инсульт салдарынан болатын қол дірілі дертін жан-жақты зерттеп, пациенттердің өмір сапасына әсерін талдаған.

Бүгінде мұндай неврологиялық дертке шалдыққан адамдар үшін тиімді шешімдер аз. Дәрілік ем барлық науқасқа бірдей әсер етпейді, ал шетелдік нейростимуляциялық құрылғылардың бағасы тым қымбат әрі Қазақстан нарығында таралымы төмен.

Осы мәселені терең түсінген оқушылар қолжетімді әрі қауіпсіз технологиялық шешім ұсынуды мақсат еткен.

VibraFix қалай жұмыс істейді?

Фото: жоба авторларынан

VibraFix алты вибромотормен жабдықталған ақылды білезік. Құрылғыдағы MPU-6050 қозғалыс сенсоры білектегі қозғалысты секундына 100 рет өлшеп, нақты уақыт режимінде тіркейді. Ал ESP32-C3 Super Mini микроконтроллері FFT талдауы арқылы тербеліс жиілігін сараптайды. Егер жүйе 4–12 Гц аралығындағы треморды анықтаса, ULN2003 драйвері арқылы вибромоторлар іске қосылады.

Жоғары жиілікті вибротактильді стимуляция жүйке жолдарындағы треморлық сигналды әлсіретіп, қол дірілінің амплитудасын азайтады. Халықаралық клиникалық зерттеулерге сәйкес, мұндай технология қол қалтырауын 40–80 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Жобаның басты артықшылығы қолжетімділігі. Құрылғының өзіндік құны шамамен 7 430 теңгені құрайды, ал дайын өнімнің бағасы 27 мың теңге көлемінде. Бұл шетелдік аналогтардан ондаған есе арзан.

Сонымен қатар құрылғы толықтай Қазақстанда жасалады. Бұл оны мыңдаған қазақстандық үшін қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Өнертабыс өзегінде адам тағдыры

Жоба авторларының айтуынша, олар бұл тақырыпты зерттеу барысында қол дірілімен өмір сүретін адамдардың күнделікті қиындықтарына куә болған. Қол дірілі салдарынан кей адамдар тамақ ішу, жазу, киіну немесе телефон қолдану секілді қарапайым әрекеттерді өздігінен орындай алмайды.

- Біз қол дірілін тек медициналық мәселе емес екенін түсіндік. Бұл − адамдардың күнделікті өмір сапасына әсер ететін үлкен ауыртпалық. Сондықтан әр отбасы қол жеткізе алатын, шын мәнінде көмектесетін құрылғы жасағымыз келді», − дейді жоба авторлары.

Команданың ғылыми жетекшілері − мектеп ұстаздары Бауыржан Әшіралі мен Гүлбану Аманбек. Олар оқушыларға зерттеу кезеңінен бастап құрылғыны техникалық тұрғыда әзірлеуге дейін қолдау көрсеткен.

Қазақстандағы оқушылар ғылымға жаңа көзқарас қалыптастырып келеді

VibraFix − мектеп қабырғасындағы ғылымының нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанының айқын дәлелі. Бұл жоба жасанды интеллект, инженерия және заманауи технологиялардың тек теориялық білім емес, адамдардың өмірін жақсартатын құралға айналып келе жатқанын көрсетеді.

Мұндай бастамалар Қазақстан жастарының ғылыми әлеуетінің жоғары екенін ғана емес, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін де айқын аңғартады. Себебі VibraFix жобасының негізінде тек технология емес, адамдарға көмектесуге деген шынайы ниет жатыр.

Еске салсақ, былтыр Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Satbayev университеті ғалымдарының өнертабысы жылына 100 млн доллар табыс әкелуі мүмкін екенін айтқан еді.