«15 млн. гектарға жуық жер пайдаланылмайды. Бұл жерлердің көбі оңтүстіктегі шеткері аудандарда, инфрақұрылымы жоқ, суы аз, электр желісі тартылмаған жерде орналасқан. Жайылымға су тарту үшін арнайы бағдарлама қабылданған. Сондай-ақ біздер ауыл тұрғындарына мемлекеттік бағдарлама аясында баламалы энергия көзін орнатуға көмектесеміз», - дейді М.Жұмағазиев.
Өңірде сапалы жем-шөп даярлау үшін суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Биыл 6,6 мың гектар суармалы жер қолданысқа енді, алдағы үш жылдың ішінде 10 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарланған.
Өңір басшылығы, сондай-ақ, дәстүрлі емес шаруашылықты қолға алуға ден қойып отыр. Мысалы, қоян өсіру, құс өсіру, сүтті ешкі асырау, омарташылықпен айналысу және т.б.