Ақмола облысында алаяқтық жолмен бюджет ақшасын жымқырған есепші сотталды
Ақмола облысында бөбекжай есепшісі алаяқтық жолмен бюджеттен 7 миллион теңгеден астам ақша жымқырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотта анықталғандай, айыпталушы 2021- 2022 жылдар аралығында өзіне жоғары еңбекақы қою арқылы 7 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлаған. Сотта айыпталушы кінәсін мойындады, өкініп, залалды ішінара өтеді.
Бұдан басқа, оның кінәсі аудиторлық компанияның қорытындысымен, куәгерлердің айғақтарымен, жүргізілген арнайы жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелерімен, төлем тапсырмаларымен расталды.
«Көкшетау қалалық соты оған материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Келтірілген материалдық залал өндірілді. Сотталушының асырауындағы үш жастағы баласы бар екенін ескере отырып, сот бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындауды 5 жылға кейінге қалдырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деді ведомстводан.
Сонымен бірге, сот лауазымды тұлғалардың функционалдық міндеттеріне немқұрайлы қарағаны және тиісті бақылаудың жоқтығы үшін білім басқармасына жеке қаулы шығарды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда қаржы пирамидасын құрған екі жігіт 5 жылға сотталғанын жазған едік.