Ақмола облысында бір айда 210 адам қызылша жұқтырды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — 2024 жылдың қаңтар айында 210 ақмолалық қызылшамен ауырды, оның ішінде Көкшетау қаласында — 91, Қосшы қаласында — 29, Бурабай ауданында — 21 және Степногор қаласында — 15 адам.

Фото: Pexels

Ақмола облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Айнагүл Мусинаның мәліметінше, Көкшетау қаласында оқушылар арасында қызылша жұқтырудың 34 жағдайы тіркелді.

Ал, соңғы тәулікте — екі жағдай, оның біреуі Көкшетауда № 5 қалалық орта мектепте және біреуі Ерейментау ауданында Еркіншілік ауылындағы мектепте анықталды.

Мектепке дейінгі балалар ұйымдарында қаңтар айында 12 жағдай тіркелді.

Бұл — Аршалы, Астрахан аудандары мен Қосшы, Көкшетау, Степногор қалаларындағы балабақшалар.

«Қаңтар айында қызылшамен науқастанған 104 адам (50%) — вакцина алмағандар, оның ішінде бас тарту себебінен — 89 (85%) адам, медициналық жағдайына байланысты екпе салу уақытша кейінге қалдырылған — 10 адам (9,6%), медициналық жағдайына байланысты екпе салу тұрақты түрде кейінге қалдырылған — 5 адам (5,4%), сондай-ақ, вакцинация мәртебесі белгісіз — 51 адам (24,2%) бар», — деді Айнагүл Мусина.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында жылдың алғашқы үш күнінде 11 адам қызылша жұқтырғанын жазған едік.