Ақмола облысында бір күнде екі адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының Зеренді және Целиноград аудандарында екі адам көз жұмды. Қазір екі оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Фото: Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы

Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиғалар өңірдің екі ауданында тіркелген.

— Алдын ала мәлімет бойынша Зеренді ауданында дала жұмыстарын жүргізу кезінде Еленовка ауылының 46 жастағы тұрғыны қайтыс болған. Ал Целиноград ауданында Түркістан облысының 22 жастағы тұрғыны электр тогының соғуынан қаза тапты, — деп хабарлады ведомство.

Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Тергеу нәтижесінде заңнамаға сәйкес тиісті процессуалдық шешімдер қабылданады.

Белгілі болғандай, Зеренді ауданында көз жұмған ер адам шөп тайлайтын престің механизміне қысылып қалған.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысының кәсіпорындарында жыл басынан бері 74 жазатайым оқиға тіркеліп, соның салдарынан 9 адам көз жұмды.