Ақмола облысында далада адасып қалған ауыл тұрғындары бір күннен кейін табылды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысында далада адасып қалған ауыл тұрғындары бір тәулік өткеннен кейін табылды.
Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, ауыл тұрғындарының жоғалғаны туралы Степногор қалалық ПБ жақын маңдағы ауылдардың бірінің тұрғыны хабарлап айтқан. Оның сөзінше, 6 шілдеде таңғы сағат 10:30 шамасында «Ауди» көлігіне мінген 5 адам (туыстары) Қараоқты ауылы бағытында орналасқан зиратқа кетіп, қайтып оралмаған. Бір күн байланысқа шықпаған туыстары үшін алаңдаған ол полицияға жүгініп, көмек сұраған.
Осыған байланысты Степногор қалалық ПБ Бестөбе кентінің полиция бөлімінің бастығы Нұрбек Сұлтанғазиев, кезекші бөлімнің инспекторы Бақытбек Кәрімов және ювеналды полиция тобының инспекторы Әсемгүл Әбенова дереу жоғалған адамдарды іздеуге кірісті.
«Жоғалған адамдардың арасында зейнеткер болды. Біз оның денсаулығы үшін алаңдадық», – деді подполковник Нұрбек Сұлтанғазиев.
Іздеу барысында тәртіп сақшылары Степногор қаласынан 30 км жерден көлік жүргізушісін тапты. Оның сөзінше, көлігі сазға батып қалған, артынша істен шыққан. Содан соң ол көмек шақыру үшін қалаға жаяу шығып, адасып кеткен. Арада біраз уақыт өткенде тәртіп сақшылары Изобильное ауылынан 30 км жерден өзге адамдарды да тапты, олардың барлығы аман.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында 44 жастағы әйел іздестіріліп жатқандығын жазған едік.