Ақмола облысында «Jańa Dala / Green Day ‘2025» көрмесі басталды

Фото: ҚР АШМ

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында «Jańa Dala / Green Day ‘2025» ірі мамандандырылған көрме-демонстрациясы басталды.

22 елден келген (Аустрия, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Нидерланд, АҚШ, Франция, Жапония және т.б.) 200-ден астам компанияны біріктірген іс-шараны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен «EXPO TIME» ЖШС ұйымдастырды.

Фото: ҚР АШМ

«Jańa Dala / Green Day ‘2025» көрмесі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, тәжірибе алмасу және отандық агросекторды халықаралық деңгейде ілгерілету үшін стратегиялық маңызы бар алаң ретінде өз тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

– Өткен жылы біз бұл алаңда жаңа қолдау құралдарын таныстырдық: көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру, лизинг, кепілдік беру, несие арналарының кеңеюі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз 2024 жылдың қарашасында-ақ 2025 жылғы егіс науқанын қаржыландыруға өтінім қабылдауды бастадық. Ерте қаржыландыру тәжірибесін тұрақты жүйеге айналдыруды жоспарлап отырмыз, – деді министр көрменің ашылуында.

Айдарбек Сапаров егістік алқаптарын әртараптандыру, жер ресурстарын тұрақты пайдалану, суару технологияларын енгізу және мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Фото: ҚР АШМ

Биыл мономәдениет егілетін алқаптар 332 мың гектарға қысқартылып, майлы, бұршақ және мал азықтық дақылдардың егісі ұлғайтылды. Суармалы егіншілікті қолдау бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып жатыр, жаңа Су кодексі қабылданды, су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша шаралар енгізіліп жатыр. Соңғы жылдары заманауи сүт-тауарлы фермаларының саны 19-дан 88-ге дейін артты. Бұл жыл сайын 600 мың тоннаға дейін қосымша сүт өндіруге мүмкіндік береді.

Қолдау шараларын кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр: асылтұқымды мал сатып алуға, айналым қаражатын несиелеуге арналған бағдарламалар әзірленіп жатыр, өңірлік табысты тәжірибе масштабталып жатыр.

Фото: ҚР АШМ

Қазақстан экспорттық әлеуетін нығайтуды жалғастырып келеді. 2025 жылы жүн мен тері экспортына салынған баж алымдары алынып тасталды, 15 экспорттаушы компания сатып алу көлемін ұлғайтты. Балды ЕО елдеріне, құс етін Қытайға экспорттауға рұқсаттар алынды, жылқы еті, сүт және аквакультура өнімдерін Еуропа елдеріне шығару бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр.

– Ауқымды жұмыстар атқарылды, алда одан да көп іс күтіп тұр. Министрлік агробизнеспен, Парламентпен, сарапшылар қауымдастығымен тұрақты диалог жүргізіп жатыр. «Jańa Dala / Green Day» сияқты алаңдар – бізді бір-бірімізді тыңдауға, қолдау іс-шараларын жетілдіруге және шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды құра», – деп атап өтті министр.

Көрме аясында Ақмола облысының агроөнеркәсіп саласының 16 үздік қызметкеріне салалық наградалар мен Құрмет грамоталары табысталды. Қазақтың ақбас тұқымының 75 жылдығына орай республикалық палата мүшелері марапатталды. Министр ауыл шаруашылығы жануарлары, техникасы мен жабдықтары, ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциялық жетістіктері ұсынылған көрмелерді аралап көрді.

Фото: ҚР АШМ

Биылғы экспозиция алаңы – 70 000 шаршы метр. Онда 500-ден астам жоғары өнімді техника, жабдықтар мен инновациялық шешімдер ұсынылды. Көрме аясында Қазақстан ветеринариялық мамандарының алғашқы Құрылтайы және «Үздік бұқа» аукционы ұйымдастырылады.

Фото: ҚР АШМ

– Біздің көрме аграрлық сектордағы ең көп күтілетін іс-шаралардың бірі екені сөзсіз. Біз қазірдің өзінде өңірлік деңгейден асып, халықаралық мәртебеге қол жеткіздік. Ауыл шаруашылығы министрлігінің аграршыларды қолдау, асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту, инновацияларды енгізу және экспорттық әлеуетті кеңейту бағытындағы жүйелі жұмысының арқасында осындай ауқымды іс-шараларды өткізу мүмкін болып отыр. Бүгінгі көрме аясында маңызды келісімдер жасалып, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, іскерлік серіктестерін тауып жатыр. Көрменің негізгі мақсатына қол жеткізілді, – деді «EXPO TIME» ЖШС директоры Әділхан Сағынбаев.

Фото: ҚР АШМ

Алдын ала есеп бойынша, көрменің алғашқы күнінде іс-шараға шамамен 10 мың фермер қатысты.

Айта кетейік, Батыс Қазақстанда диқандар егін оруға кірісті.