Ақмола облысында көлік қаққан сілеусін ауыл тұрғындарының аулаларына кіріп кетті
АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желілерде Ақмола облысындағы Азат ауылы тұрғындарының ауласына ерекше қонақ – сілеусіннің келгені туралы бейне таралып жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
- Ер адам жануарға мейірімділікпен тамақ ұсынды, ал жабайы жүндес жануар оған айбат шекті, - делінген бейнедегі жазбада.
Алайда кейінірек сілеусіннің ауыл тұрғындарының аулаларына кездейсоқ келмегені белгілі болды.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, 2026 жылдың 12 ақпанында «Кеңес орман шаруашылығы мекемесі» КММ-не Ақкөл ауданындағы Азат ауылының жергілікті тұрғындарынан ауылда жабайы жануардың байқалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Сілеусін ақсап жүрген. Кейінірек жануардың артқы аяқтары сынғаны анықталды.
- Телефон хабарламасын алғаннан кейін «Кеңес орман шаруашылығы мекемесі» КММ директорының орынбасары В.Газетов жабайы жануардың орналасқан жеріне дереу шықты. Келген бойда оны «Лесостепное» аңшылық шаруашылығының қорықшысы А.Абасс қарсы алды, олар сілеусінді ветеринарлық емдеу және кейіннен «Бурабай Даму» ЖШС-нің хайуанаттар бағына орналастыру үшін көлікке салды. Әрі қарай тергеу барысында жабайы жануарды бір күн бұрын болжам бойынша, «Азат-Степногорск» тасжолының учаскесінде көлік қағып кеткені анықталды, - деп хабарлады ведомство.
Визуалды тексеру жануардың артқы аяқтарының толығымен сынғанын көрсетті. Өкінішке қарай, сілеусін кейінірек ауыр жарақаттар мен көп қан жоғалтқаннан өліп қалды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда итті көліктен сүйреген жүргізушіге қатысты іс қозғалғанын жаздық.