Ақмола облысында тағы бір жол учаскесі таңғы 8.00-ге дейін жабылды
АCТАНА. KAZINFORM – ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы ауа райының нашарлауына байланысты Ақмола облысы аумағындағы республикалық маңызы бар жол учаскесінде көлік қозғалысына шектеу қойылғанын хабарлады.
«2025 жылғы 30 желтоқсан сағат 05:00-де ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар «Астана-Көкшетау-Петропавл-РФ шекарасына дейін» 18-232-шақырым аралығында (Астана қаласынан-Щучинск қаласына дейін) барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылады», делінген ҚазАвтоЖолдың ресми хабарламасында.
Ұлттық компания аталған жол учаскесін ашуды бүгін сағат 08:00-ге жоспарлап отыр.
Еске сала кетсек, бүгін еліміздің тағы екі өңірінде көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Жалпы, кешелі бері еліміздегі ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдар жабылған өңірлер қатары артып келе жатыр.