Ақмола облысында тасжолда болған апаттан екі адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында жол-көлік оқиғасынан екі адам көз жұмды. Оқиға бойынша облыстық полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 қаңтар күні «Ақсу–Бестөбе–Изобильное» автожолында «LADA Largus» пен «Toyota Land Cruiser Prado» көліктері соқтығысқан.
— Жол апаты салдарынан «LADA Largus» көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, оның нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады, — деп хабарлады ведомство.
Полиция қызметкерлері мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтау, әсіресе қозғалысы қарқынды жол учаскелерінде абай болу және көліктің техникалық жағдайын үнемі бақылау қажет екенін еске салды.
Бұған дейін хабарланғандай, Жетісу облысында жол апатынан 5 адам мерт болды.