Ақмола облысында трактор аударылып, жүргізушісі қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында трактор аударылып, жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: Kazinform / ЖИ

Қайғылы оқиға 14 қарашада Зеренді ауданында, Елікті ауылының маңында болған. Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, К-700 маркалы трактор аударылған.

— Оқиға салдарынан жүргізуші сол жерде көз жұмды. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады ведомство.

Ал Ақмола облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, жұмыс берушіден жазатайым оқиға туралы хабарлама түспеген. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

— Жұмыс беруші жазатайым оқиға туралы хабарламаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар оған жазатайым оқиға туралы хабарлама беру жөнінде нұсқама орындату міндеттеледі, — деп толықтырды инспекция өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Теміртауда автобус жүргізушісі ағашпен соқтығысқан жол апатынан кейін көз жұмған еді.