Қайғылы оқиға 29 қазанда Шортанды ауданындағы теміржол станциясында болған. Серуендеп жүрген екі жасөспірімнің бірі пойыз вагонына шықпақ болған кезде оны тоқ соққан.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда. Жасөспірімдердің бірі Шортанды аудандық ауруханасына жатқызылды. Екіншісі үйіне өзі оралған, — деп мәлімдеді ведомство.
Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Шортанды аудандық ауруханасына денесінің 70 пайызы күйген, электр жарақатын алған және үшінші дәрежелі күйіктік шокқа ұшыраған 15 жастағы жасөспірім жеткізілген.
— Ол шұғыл түрде қарқынды терапия палатасына жатқызылды. Балалар реаниматологы Е.Жұмағалиевтің қатысуымен консультация өткізілді. Одан әрі емдеу тактикасын анықтау және науқасты тасымалдау мәселесін шешу үшін санитариялық авиация желісі арқылы балалар реаниматологы шақырылды. Дәрігерлер консилиумынан кейін баланың жағдайы тұрақталғанға дейін ауруханада бақылауда қалдыру туралы шешім қабылданды, — деп толықтырды басқарма.
Көліктегі полиция пойыз тоқтап тұрса да, оның вагонына шығуға және пойыздың астынан өтуге қатаң тыйым салынатынын тағы да ескертті.
Бұған дейін Қостанай қаласындағы теміржол аумағында жасөспірімді тоқ соққан болатын.