Ақмола облысында полиция жазғы дөңгелекпен жүрген 744 көлікті кері қайтарды

АСТАНА. KAZIFORM - Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты полиция қызметкерлері жазғы дөңгелекпен жүрген 744-тен астам жүргізушіні тоқтатты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: видеодан алынған скрин

Өңірдегі бірқатар республикалық маңызы бар тасжолда көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.

8–9 қараша күндері Астана – Щучинск, Астана – Шідерті – Павлодар және Көкшетау – Атбасар бағыттарындағы тасжолдарда жазғы дөңгелекпен жабдықталған көліктердің қозғалысына шектеу қойылды.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдарда күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар ауа райы мен жол жағдайына байланысты республикалық тасжолдардың жекелеген учаскелерінде жылдамдық шектелді.

Полиция бұл шараларды жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қозғалысқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылдаған.

Құзырлы орган жүргізушілерге қысқы дөңгелекті уақытын ауыстыру қажеттігін бұған дейін де бірнеше рет ескерткен. Соған қарамастан, кейбір азаматтар көлігін қыс мезгіліне дайындамай, жолға шығып кеткен.

Полиция жүргізушілерді қысқы дөңгелекке ауысуға, сапар алдында ауа райы болжамы мен жол жағдайын ескеруге шақырады. Сондай-ақ жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтап, жолға шығар алдында автожолдардағы шектеулер туралы ақпаратты нақтылауды ескертеді.

Осыған дейін елдегі шектеу қойылған автожолдар туралы жаздық.