Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 қарашада «Астана — Атбасар — Жақсы» автожолының 329-шақырымында Toyota Camry көлігі қатысқан жол апаты болған. Жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлікті аударып алған.
— Жол апаты салдарынан көліктегі жолаушылардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Тағы бес жолаушы, оның ішінде кәмелетке толмаған төрт бала түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді, — деп хабарлады полициядан.
Қазір полицейлер сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процестік шешім қабылданады. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы 35 жастағы әйел мен төрт баланың жағдайын нақтылады. Бастапқыда олардың барлығы Жақсы аудандық ауруханасына жеткізілген. Кейін 13 және 6 жастағы екі ұл мен 11 жастағы қыз санитариялық авиация арқылы Көкшетаудағы көпбейінді облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Олардың жағдайы ауыр. 13 жастағы бала жансақтау бөлімінде.
Ал әйел мен 1 жас 8 айлық қыз Жақсы аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр.
— Екі науқас та толық тексеруден өтті, қажетті медициналық көмек алып жатыр. Жағдайлары тұрақты, теріс динамика байқалмайды. Медициналық көмек қойылған диагноздар мен науқастардың клиникалық жағдайына сәйкес көрсетіліп жатыр. Оларға тәулік бойы медициналық бақылау жүргізіліп, жағдайы қадағаланып, тағайындалған ем қабылданып жатыр. 2026 жылғы 9 қарашадағы жағдай бойынша ахуал Жақсы аудандық ауруханасы әкімшілігінің бақылауында, — деп хабарлады ведомство.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында жол апатынан зардап шеккен полицей қайтыс болғанын хабарлаған едік.